Билік жаңаөзендіктердің талабын орындай ма? Тілшілердің бұл сұрағына Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тілшілер осы сұрақты Орталық коммуникациялар алаңында бірнеше рет қойған. Алайда газ өндірісінің өзіндік құнына бірнеше рет сілтеме жасаған министрдің ақыры жауап беруіне тура келді.
«Жаңаөзендіктердің газдың бағасын 50 теңгеге түсіру туралы талабы орындала ма?» деген сұраққа министр «Ондай мүмкіндігіміз жоқ» деді.
Айта кетсек Жаңаөзен қаласында 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап газ бағасы 120 теңгеге дейін көтерілді. Қала тұрғындары газ бағасын 50-60 теңгеге дейін төмендетуді талап етіп, түні бойы алаңда болды. Жиналғандардың алдына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев шыққанымен, халықты тарата алмады.