Қостанайда бірге тұратын әйелінің ұлын асқан қатыгездікпен өлтірген адам өмір бойына сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Биыл 28 ақпанда Қостанай облысының прокуратурасы Қостанай қаласында кәмелетке толмаған адамды өлтіру туралы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті.
Тергеу барысында 9 қаңтарда бұрын бірнеше рет сотталған Қостанай қаласының тұрғыны бір бөлмелі пәтерде мас күйінде болған кезде бірге тұратын әйелінің кәмелетке толмаған ұлын аса қатыгездікпен өлтіргені анықталды.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС
Күдіктінің іс-әрекеттері қылмыстық кодекстің 99-бабы 2- бөлігінің 3), 5), 14) тармақтары, 108-1-бабы 1-бөлігі (аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру, кінәлі адам үшін дәрменсіз күйдегі көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты және денсаулығына жеңіл зиян келтіру) бойынша сараланады.
Баптардың санкциясы он бес жылдан жиырма жылға дейінгі жазаны не өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.
Қылмыстық іс Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.