Әлеуметтік желіні шулатқан фотодағы тудың қайдан шыққаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
WILDBERRIES ЖЕЛІСІНДЕ БАР
Әлеуметтік желіде дүрбелең тудырған фотодағы Қазақстанның туын Wildberries интернет дүкенінде сатып жатыр екен. Ол үшін “Қазақстан туы шахадпен” деп іздесеңіз алдыңыздан шығады. Құны 855 рубльден басталып 947 рубльге дейін барады. Бұл теңгеге шаққанда 5-6 мың теңгенің арасында.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Мемлекеттік рәміздерді қорлау үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі (2025 жылы 11 796 000 теңгеге дейін) айыппұл салуға, не дәл осындай мөлшерде түзеу жұмыстарына, не тоғыз жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейін бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
СУРЕТ ТУРАЛЫ
Бұл фото Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында түсірілуі мүмкін. Атырау облыстық полиция департаменті қазір суретке түскендер анықталғанын хабарлады.
Әлеуметтік желіде таралған жазба бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Таралған жазбадағы төрт күдікті де анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың екеуі жасөспірім болғандықтан, ата-анасының қатысуымен жауап алынуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялануға жатпайды, – делінген полиция хабарламасында.
Олар ұстап тұрған Қазақстанның Мемлекеттік туының жоғарғы жағында арабша жазу жазылып, қылыштың бейнесі суреттелген. Яғни Сауд Арабиясы туының элементтері қосылған.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін ұлттық құрылтайда ұлттық киімдердің рөлі туралы айтқан еді. “Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек” деді президент.