«Жоғары жақпен келісіңдер»: Қожамжаров Ермегияевке неге тіс қайрап қалған

Сырым Қаржас

«Экспо-2017» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаров Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында антикордың бұрынғы бастығы Қайрат Қожамжаров жөнінде пікірін айтты.

Ulysmedia.kz коллажы

“Атышулы ЭКСПО ісін антикордың бұрынғы бастығы Қайрат Қожамжаров қолдан ұйымдастырды деп ойлайсыз ба?” деген сұрақ Мұрат Омаровқа қойылған. Ол тек өз көзіммен көрген нәрсені ғана айта алатынын жеткізді.

Ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінде тергеу қалай жүргізілетінін білмеймін, ол туралы пікір білдіре алмаймын. Бірақ қаржы полициясы мен антикордағы жағдайды өз басым көрдім – адамдарды ұстап, оларға айып тағу үшін негізсіз баптар ойлап табылатын. Қожамжаровпен жеке таныстығым жоқ, онымен ешқашан сөйлескен емеспін, сондықтан оның әрекеттерін бағалау ниетім де жоқ. Оны тек теледидардан көрдім. Бірақ ол адам баласын аямайтын кісі деп ойлаймын. Ақмола облысының әкімі болған кезінде үкімет отырыстарында кездескенбіз. Ол өзін тым тәкаппар ұстады, тек белгілі бір адамдармен ғана қол алысып амандасатын, қалғандарына қолын созып тұрып, бірден тартып алып, елемегендей теріс айналатын. Бұл да оның мінезін сипаттайтын көрсеткіш болуы мүмкін. Ол өзін өзгелерден жоғары қоятын адам еді, – дейді ол.

Мұрат Омаровтың пайымдауынша, Қожамжаров элита топтарын қадағалап отыратындардың бірі болған.

Белгілі бір аймақтық элиталар бар: батыс, орталық, оңтүстік, алматылық топтар. Олар белгілі бір құрылымдарды өзара бөлісіп, бір өңірден шыққан кадрлар ұлттық компанияларды, министрліктерді басқаратын жағдайлар қалыптасты. Мұны барлығы жақсы біледі. ЭКСПО ісі – осындай саяси процестердің бір бөлігі болды. Орталық Қазақстан элитасына қатысты іс – Серік Ахметовке, оңтүстік элитасына – Қуандық Бишімбаевке, алматылық элитаға – Талғат Ермегияевке, ал батыстағы элитаға – әкім орынбасарлары мен қорғаныс министрлігінің бірнеше генералына байланысты қозғалды. Тасмағамбетов Астана әкімі болғанда, оның қоластында істеген қорғаныс саласының бірнеше генералы сотталды. Бұл бәрі билік транзитіне дайындықтың бір бөлігі болды. Әрбір аймақтық элитаға өз шекарасын көрсетіп, олардың мүмкіндіктерін шектеу әрекеті жасалды, – дейді ол.

Марат Омаровтың сөзінше, Талғат Ермегияевке көптеген ықпалды тұлға, соның ішінде Қайрат Қожамжаров та белгілі бір компанияларды ЭКСПО-ны салуда мердігер ету туралы ұсыныс жасаған.

Бірақ ол мұндай өтініштердің бәрін қабылдамады, "жоғары жақпен келісіңдер" деп қысқа қайыратын. Әрине, мұндай қатаң ұстаным көп адамның, оның ішінде Қожамжаровтың шамына тиді. Кейін ол өзіне жақын мердігерлерді қабылдаудан бас тартқаны үшін Ермегияевтің үстінен іс қозғауға Назарбаевтан рұқсат сұрағанын айтқан, – дейді Омаров.

“Демек, бұл істің негізгі бастамашысы Кожамжаров болды ма?” деген сұраққа Омаров “ол тек өз ұсынысы қабылданбағаны үшін әрекет етті. Мен өз көзіммен көрмеген жайттарға қатысты нақты пікір білдіре алмаймын. Бірақ Ермегияевтің сөзінше, Қожамжаров оған ұсыныс жасаған, Ермегияев одан бас тартқан, ал Қожамжаров бұған қатты шамданған” деп жауап берді.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден көруге болады.