Құпия келісім: ҚазМұнайГаз Атырау МӨЗ-дің ресейліктерге сатылуы жөнінде пікір білдірді

Сымбат Сатыбалдина

Ulysmedia.kz жариялаған мақала қоғамда біраз дүрбелең тудырды. Біз бұл мәселе бойынша Энергетика министрлігіне сұрау салған едік, алайда олар ресми жауап беруден бас тартты. Тек ресейлік «Татнефть» Атырау мұнай өңдеу зауытының үлесінен үміткерлердің бірі екенін растады.

Ulysmedia.kz коллажы

Энергетика министрлігі хабарсыз

Энергетика министрлігі бұл келісімге қатысты пікір білдіруден бас тартып, ақпарат алу үшін тікелей Атырау МӨЗ, ҚазМұнайГаз (ҚМГ) және «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметіне жүгінуге кеңес берді. Біз дәл солай жасадық.

ҚазМұнайГаздың ұстанымы

ҚазМұнайГаз өкілдері зауыттың сатылуы бойынша келіссөздер жүріп жатқанын жоққа шығармады. Бірақ әлеуетті сатып алушылар қатарында тек «Татнефть» қана емес, басқалар да бар екенін айтты.

Ұлттық компанияның мәлімдеуінше, Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын жекешелендіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Алайда нақты сатып алушы анықталды ма, жоқ па – бұл сұраққа жауап берілген жоқ.

Мұндай шешімдерге дайындық айтарлықтай уақытты қажет етеді – бұл корпоративтік деңгейдегі шешімдерді қабылдауды, сондай-ақ техникалық және экономикалық аспектілерді ескеруді талап етеді. Тәжірибеде мұндай процестер бірнеше жылға созылады, – деп жазды ҚазМұнайГаз өкілдері.

Компания зауыттың үлесі ресейліктерге беріле ме деген сұраққа нақты «жоқ» деп жауап берген жоқ. Ulysmedia.kz редакциясына түскен құжаттардың бар-жоғын жоққа шығармады.

Керісінше, ҚазМұнайГаз ресейлік мұнай-газ компаниясын мақтауға асықты. Олар ҚМГ мен «Татнефть» холдингі арасындағы әріптестік аясында технологиялар мен өндірісті ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасу тұрақты түрде жүргізіліп отырғанын мәлімдеді.

«Татнефть» құрамындағы кәсіпорындар өндірістік тиімділікті арттыру және жоғары технологиялық мұнай-химия өнімдерін шығару бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Сонымен қатар, «Татнефть» «АМӨЗ» қызметіне тікелей қатысты жаңа мұнай-химия жобаларына, атап айтқанда терефтал қышқылы (ТФК) мен полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндірісіне инвестиция салуға мүдделі, – деп атап өтті ҚазМұнайГаз.

«Татнефть» және Қазақстанның стратегиялық ресурстары

Атырау мұнай өңдеу зауытының сатылатыны туралы алғаш рет Ulysmedia.kz өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлаған еді. Жарияланым алдында біз ҚазМұнайГазға сауал жолдап, инсайдерлік ақпаратты растауды немесе жоққа шығаруды сұрадық. Сондай-ақ, ұлттық компанияның мұнай-химия саласын өз күшімен дамыта алмау себебін түсіндіруін өтіндік. Алайда компания баспасөз қызметі бұл сұрақтарға жауап берген жоқ.

Сонымен қатар, негізгі сұрақтарға – елдің стратегиялық саласы қай бағытта дамып жатқаны, барлық шешімдер неге жабық жағдайда қабылданатыны, ал жаңа энергетика министрі АМӨЗ келісімі жайында хабардар ма – бұл сұрақтарға жауап ала алмадық.

Белгілісі – ресейлік «Татнефть» Қазақстандағы «Бутадиен» жобасындағы 100% үлесті иеленген. Бұл стратегиялық ресурс екі кезеңде берілді: алдымен ҚМГ-ның 25% үлесі «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компаниясы «Самұрық Өңдеуге» өткізілді. Кейіннен қалған 25% үлес те «Татнефтьке» беріліп, олар бұл жобаның толыққанды монополисіне айналды.

Сондықтан көрші елдің Қазақстандағы ең ірі мұнай өңдеу зауытын да иемденуге ұмтылуы таңғаларлық емес. Ендігі үміт – жаңа энергетика министрі Ақкенженовте. Ол стратегиялық активтердің шетелдік инвесторларға берілуінің қаншалықты тиімді екенін таразылап, мәмілені тоқтатуға күш салады деп сенеміз.