Енді Өзбекстанда митинг ұйымдастырғандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін

Сымбат Сатыбалдина

Өзбекстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл туралы елдің әділет министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

ТОЛЫҒЫРАҚ

Президент Шавкат Мирзиёев жаппай тәртіпсіздік жасау және оны қаржыландыру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын заңға қол қойды.

Егер азамат билік органдарына алдағы тәртіпсіздіктер туралы өз еркімен хабарлап, жасалған қылмысты ашуға көмектессе және осы заң аясында жауапкершілікке тартылатын басқа адамдарды анықтауға белсенді түрде ықпал етсе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін.

Қолданыстағы заңнама жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны, оған белсенді қатысқаны және азаматтарға күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады.

ЖАЗА

Құжатта жаппай тәртіпсіздік жасау мақсатында оқудан өткен және оны қаржыландырған адамдарға қатысты қылмыстық жауапкершілік белгіленген.

Енді бұл қылмыс үшін 300-ден 600 базалық есептік мөлшерге дейін (112,5 миллионнан 225 миллион сумға дейін) айыппұл салу, 3 жылға дейін түзеу жұмыстарына жіберу немесе 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру немесе қаржыландыру, оған қатысу барысында күш қолдану, тонау, өртеу, мүлікті бүлдіру немесе жою, билік өкіліне қару немесе қару ретінде қолданылатын заттарды қолдану немесе қолдануға қауіп төндіру сияқты әрекеттер жасаған жағдайда, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Заң 2025 жылғы 27 наурыздан бастап күшіне енді.