Қазақстанның бес облысында қырылған киіктердің өлексесі табылды

Сырым Қаржас

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қарағанды мен Ұлытау облыстарында өлі киіктердің бейнеленген видеосына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Өлекселер тек Қарағанды мен Ұлытау облыстарында ғана емес, Қазақстанның бірнеше өңірінде табылған. Ең көп өлім-жітім Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр.

Экология министрлігі мамандары киіктердің жаппай қырылуын олардың табиғи өмірлік циклімен байланыстырады. Ведомство өкілдері бұл құбылыс жыл сайын қайталанатынын және оған қарсы алдын алу шаралары қолданылатынын атап өтті. Осыған байланысты арнайы жедел штабтар құрылып, өлекселерді жою жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.

Қолданыстағы ветеринарлық заңнамаға сәйкес, өлген жануарлардың өлекселері санитарлық талаптарға сай жойылуда. Жыл басынан бері 5,2 мыңнан астам киік өлексесі залалсыздандырылған.

ПОПУЛЯЦИЯСЫ ЖАЙЛЫ

Ғалымдардың айтуынша, қалыпты жағдайда жыл сайын барлық жас санатындағы киіктердің табиғи өлімі популяцияның шамамен 20%-ын құрайды. Ал ересек аталықтардың өлімі 50%-ға дейін жетуі мүмкін. Соңғы деректер бойынша, Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 4,1 миллион басты құрайды.

1996 жылы киік Халықаралық табиғатты қорғау одағының (МСОП) Қызыл тізіміне енгізілген. Қазақстанның Қызыл кітабына енбесе де, оған аңшылық толықтай тыйым салынған. Сондықтан заңнама бойынша киіктерді заңсыз аулау Қызыл кітапқа енген жануарларды аулаумен тең дәрежеде қарастырылады.

2022 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 80 мың киікті ату туралы шешім қабылдаған сол кездегі экология министріне сөгіс жариялап, бұл әрекетті тоқтатқан болатын. Президент киіктердің қазақ халқы үшін киелі жануар екенін ескеріп, олардың санын реттеуге байланысты мәселені ғылыми негізде қарастыру қажеттігін атап өтті.