«ЭКСПО» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің адвокаты Анара Құсайынова Бас прокуратураға қарсы әкімшілік істі жеңіп шыққаннан кейін сот отырысынан соң пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘЛІМЕТТЕР
Құсайынова енді Бас прокуратураның қандай әрекетке баратынын күтетінін айтты. Оның сөзінше, ведомство сот шешімі заңды күшіне енбей тұрып-ақ оны орындауға құқылы. Алайда, оның болжамынша, бұл іс апелляциялық сатыда жалғасуы мүмкін.
ТОЛЫҚ ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛДЫ
— Әкімшілік әділет Қазақстанның сот жүйесінде әлі де алдыңғы қатарда тұр. Бүгін біз бұған көз жеткіздік. Менің әкімшілік талап-арызым толық қанағаттандырылды. Енді Бас прокуратура қандай қадам жасайтынын бақылау ғана қалды. Судья жаңа ғана ведомство сот шешімі заңды күшіне енбей тұрып-ақ оны орындай алатынын, яғни жеке қабылдауға жазылу туралы өтінішті қарауға құқылы екенін түсіндірді. Үш отырыс барысында жауапкерлердің ұстанымын ескере отырып, біз бұл істің апелляциялық сатыда жалғасатынын және оппоненттермен тағы да кездесуге тура келетінін болжаймыз. Мен бұл шешімге ризамын әрі шексіз алғысымды білдіремін. Бұл шешім бір адамның амбициясынан ғана туындаған жоқ. Ол қарапайым азаматқа да жеке қабылдауға жазылу туралы өтінішті қараудан негізсіз бас тартылған жағдайда өз құқығын қорғауға мүмкіндік береді, — деді Құсайынова.
БҰҒАН ДЕЙІН
Астанадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында адвокат Анара Құсайынованың Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына қарсы талап-арызы қаралды
Анара Құсайынова — «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы болған Талғат Ермегияевтің адвокаты. Құсайынова қадағалау органының қызметкерлерінің әрекеттерін заңсыз деп тануды талап етті. Олар оған Бас прокурор Берік Асыловпен жеке кездесу өткізуге рұқсат бермеген. Адвокаттың айтуынша, бұл оның қорғауындағы Талғат Ермегияевтің прокуратураның ең жоғары лауазымды тұлғасына жүгіну құқығын бұзады және адвокаттық қызметін жүзеге асыруға кедергі келтіреді.
Адвокаттар Анар Құсайынова мен Қуаныш Төлегенов бірнеше айдан бері Бас прокурор Берік Асыловтың жеке қабылдауына кіре алмай жүргенін жазған едік. Олардың Асыловқа айтсақ дейтін асыл арманы бар. Сот үкіміне кассациялық тәртіппен наразылық білдіру туралы өтінішке бас прокуратураның бас тартуы және кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға рұқсат бермеуі Бас прокурордың есігіне телмірткен.
Ulysmedia.kz тілшілері қатысқан соттың алдын ала тыңдауында бәрі күтпеген әсер қалдырды.