Трамптың бейбіт жоспары — Путинге жеңіс пе

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

АҚШ-тың Украинадағы бейбітшілік жоспары Германияда сынға ұшырады. Берлин бұл ұсынысты Путиннің әскери жеңісі деп бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Германия канцлерінің кеңсесінің басшысы Торстен Фрай АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің Украинаға қатысты жаңа бейбітшілік жоспары туралы алғашқы мәліметтерді «алаңдатарлық» деп атады. Оның айтуынша, бұл жоспар Ресей президенті Владимир Путинге соғыста көздеген әскери мақсаттарына жетуге мүмкіндік беруі мүмкін, ал мұндай нәтиже «мүлде қабылдауға келмейді».

БЕРЛИН БҰЛ ЖОСПАРДАН БЕЙХАБАР

Фрай RTL және n-tv телеарналарына берген сұхбатында Германия үкіметінің бұл жоспар туралы алдын ала хабардар болмағанын айтты. «Жеке өзім бұл жоба туралы ештеңе білмедім», — деді ол.

ЕУРОПА ҚОЛДАЙДЫ

Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Брюссельде өткен ЕО кеңесінің отырысы алдында Еуропа Украинадағы бейбіт шешімге бағытталған кез келген бастаманы қолдайтынын мәлімдеді. Алайда ол Ресей алдымен әскери агрессиясын тоқтатуы тиіс екенін атап өтті. Вадефуль, ЕО-дағы әріптестері және Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас Украина мен Еуропаны кез келген бейбіт жоспар талқылауына қатыстыруды талап етті.

ҚАРУДАН БАС ТАРТУ

Reuters және басқа да батыс БАҚ-тың мәліметінше, Трамп әкімшілігінің жоспары Украинадан шығыс аумақтардан бас тартуды, қарулы күштер санын қысқартуды және кейбір қару түрлерінен бас тартуды талап етеді. Бұл 28 тармақтан тұратын құжатта көрсетілген. Бұған дейін Трамп әкімшілігі төрт негізгі бағытты атаған: Украинадағы бейбітшілік, қауіпсіздік кепілдіктері, Еуропадағы қауіпсіздік және Вашингтонның Мәскеу мен Киевпен болашақ қарым-қатынасы.

ҚҰПИЯ КЕЛІССӨЗДЕР

Америкалық басылымдар Мәскеу мен Вашингтон арасында Украинаға қатысты бейбіт жоспар бойынша құпия келіссөздер жүріп жатқанын да хабарлады.