АҚШ вице-президенті Гренландияға не үшін барды

Ілияс Бақыт

Жұма күні АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс және оның жұбайы Уша Гренландиядағы америкалық әскери базаға сапар жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ ГРЕНЛАНДИЯДАҒЫ ӘСКЕРИ БАЗАҒА САПАР ЖАСАДЫ

Бастапқыда бұл сапар АҚШ-тың екінші ханымының жеке сапары ретінде жоспарланған болатын. Ол мәдени тур аясында ұлымен бірге ит жегу жарысын және басқа да іс-шараларды тамашалауды көздеген.

Алайда кейінірек сапарға өзі де қосылуға шешім қабылдады.

ДЕЛЕГАЦИЯ ҚҰРАМЫНЫҢ ӨЗГЕРУІ

Делегация құрамының өзгеруіне байланысты сапар бағдарламасы қысқарып, тек әскери базаны аралау жоспарланды. Копенгагенде бұл өзгерісті Вашингтонның қысымының күшеюі ретінде қарастырады.

АҚШ делегациясының сапары Дания мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың Гренландия аралына байланысты айтарлықтай нашарлауы аясында өтуде. Бұл арал тарихи тұрғыда Дания тәжіне тиесілі.

ГРЕНЛАНДИЯ БИЛІГІНІҢ ПІКІРІ

Гренландия билігі бұл сапарды «ыңғайсыз» деп бағалап, оны аралдың ішкі саясатына араласу әрекеті деп санайды.

Гренландияның премьер-министрі міндетін атқарушы Муте Б. Эгеде бұл сапарды «арандатушылық» және «күш көрсету» деп атап, халықаралық қауымдастықты белсенді әрекетке шақырды.

“Ақпарат үшін айта кетейін, Гренландия үкіметі ешқандай сапарға шақыру жіберген жоқ, мейлі ол жеке болсын, ресми болсын”, — деді Эгеде.

Жай азаматтар да өз наразылықтарын білдіріп, америкалық делегацияның жылы қабылданбайтынын айтты.

ТРАМПҚА ГРЕНЛАНДИЯ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Дональд Трамп өзінің алғашқы президенттік мерзімінің соңында Гренландияны сатып алуға тырысқан болатын, бірақ Дания оны сатудан бас тартты — бұл тақырып АҚШ Конгресінде 80 жыл бұрын да көтерілген еді.

Трамп бұл идеяны Ақ үйге қайта оралмас бұрын да көтерді, бірақ бұл жолы қауіппен қатар жүрді.

Гренландия аумағының 80%-дан астамы мұзбен жабылғанына қарамастан, мұнда мұнай, уран және сирек кездесетін металдар бар: неодим, празеодим, диспрозий және тербий.

Бұл элементтер қазіргі заманғы жоғары технологиялық өндірістер үшін өте маңызды. Алайда олардың 70%-дан астамы Қытайда өндіріледі. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы сегіз жылдан бері жалғасуда, ал Трамп қысымды күшейтуге уәде берді.