Түрік оппозициясы кезектен тыс президент сайлауын өткізуге қол жинауды бастады

Сырым Қаржас

Түркия оппозициясы елде мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу үшін қол жинауға кірісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

REUTERS/Louisa Gouliamaki

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қол жинау науқаны Қара теңіз жағалауындағы Трабзон провинциясының Акчаабат уезінде басталды. Бұл аймақ – қамауға алынған Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлұының туған жері.

T24 порталының жазуынша, қол жинау басталғанын кеше, 29 наурызда Ыстамбұлда болған наразылық кезінде Республикалық-халықтық партияның (РХП)  жетекшісі Озгюр Озель жариялады.

Біз президенттікке үміткеріміз, қала мэрі Экремді бостандыққа шығару және сайлау өткізу талабымен қол жинауды бастаймыз, – деп мәлімдеді ол.

ҚОЛДАУШЫЛАРЫ КӨП

Естеріңізге сала кетсек, Түркияда президент сайлауы 2028 жылға жоспарланған. Бірақ оппозиция саяси науқанды мерзімінен бұрын өткізуді талап етіп отыр. 2025 жылдың 23 наурызында РХП өкілдері ел басшылығына үміткерді анықтау үшін праймериз өткізіп, онда Экрем Имамоғлы 14,8 миллионнан астам адамның қолдауына ие болған.

МӘСЕЛЕНІҢ ТӨРКІНІ

Имамоғлы биылғы 19 наурызында жемқорлық және терроризммен байланысы бар деген айыппен қамауға алынып, 23 наурызда сот шешімімен тұтқындалды. Содан бері Түркияның бірнеше қаласында жаппай наразылық шерулері тоқтамай тұр. Елдің ірі қалалары Ыстамбұл, Анкара және Измирде ауқымды митингтер өткізілді.