Екібастұзда 19 жастағы қызды жігітінің досы зорлады. Бірақ артынша қыздың өзі полициядан бір-ақ шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Бұл оқиға жайлы “Немолчи” қоры хабарлады. Зорланған 19 жастағы қыз түрлі жарақат алған және жыныс мүшелеріне де зақым келген. Қызға медициналық көмек қажет болған. Бұл оқиға жайлы қыз жігітіне де айтқан, екеуі полицияға бірге барған.
Полициядағылар қыздың жағдайын көріп, оны ауруханаға жіберген. Одан бөлек заттай дәлелдер, қыздың қанға боялған киімі алынған. Ал күдікті кінәсін мойындаған.
КҮДІКТІ БОСТАНДЫҚТА
Күдікті жігітті ешкім қамауға алмаған, сондықтан ол өзі зорлаған қызды аңдумен болады. Ол 19 жастағы қызға “абайлап, жан-жағына қарап жүруді” айтып сес көрсетіп, қоқан-лоқы көрсетіп жүреді.
Қыз бұған шыдамай арызын қайтарып алған.
ҚЫЗДЫҢ ӨЗІ ПОЛИЦИЯДАН БІР-АҚ ШЫҚТЫ
Полиция жалған ақпарат берді деп қыздың өзіне іс қозғаған. Енді зорланған қыз 3-9 жыл аралығына сотталуы мүмкін.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Бұл жайтқа қатысты Павлодардың полиция департаментінен түсінік беруін сұрадық.
- Қала тұрғынының зорлау туралы өтініші бойынша тергеу бөлімімен қылмыстық іс тергелді. Қажетті тергеу іс-шараларының кешені өткізілді, онда барлығы өзара келісім бойынша болғандығы анықталды. Бастапқыда қала тұрғыны жалған ақпарат бергенін ескере отырып, жалған сөйлеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, дейді полицейлер.