Семейде Әлинұрды сабап, видеоға түсіргендердің ата-анасына үкім шықты

Сымбат Сатыбалдина

Семейде Әлинұрды сабап, видеоға түсіргендердің ата-анасына үкім шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видео кадры

Іс Абай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған. Семей қаласында қатарласын соққыға жыққан жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты әкімшілік іс бойынша үкім шыққан. 

АТА-АНАСЫНЫҢ КІНӘСІ

Сот оларды балаларды тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ҚР ӘҚБтК) 127-бабына сәйкес тиісті әкімшілік жазалар тағайындады.

СОТ ҚАУЛЫСЫ

  • Сот қаулысымен: азамат Л.А., 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
  • Азаматтар Д.М., М.Т., Т.А. және А.Қ. әрқайсысына 78 640 теңгеден айыппұл салынды.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Еске салсақ, Семейде аса қатыгездікпен жасалған оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. 24 ақпанда әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің баланы жерге құлатып, тепкілеп, оның басынан теуіп, үстіне секіріп, түрлі жолмен қорлаған видеосы тарады.

Абай облысының полиция департаменті оқушыны соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ оқиғаны ерекше бақылауға алғанын хабарлады. Барлық қатысушылар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген, ал зардап шеккен жасөспірімге қажетті көмек көрсетілген.

ХАЛЫҚ ТАРАПЫНАН КӨМЕК

Семейде аяусыз соққыға жығылған балаға халық 24 млн теңге жинап берді. Бұл туралы Абай облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Жүнісова мәлімдеді.