Дикий Арманның ісін қараған судья Асхат Әшірбеков Әскери соттың алқа төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әскери соттың төрағасы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының жаңа төрағасы — Асхат Әшірбековті ұжымға таныстырды. Ол бұл қызметке 2025 жылғы 13 наурызда президент жарлығымен тағайындалған.
ӘШІРБЕКОВ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Асхат Әшірбеков 1981 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Бейсенов атындағы Қарағанды ІІМ академиясын бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары ол Қарағанды облысының ішкі істер органдарында офицерлік құрамда түрлі қызмет атқарған (2002–2007 жылдар аралығында).
2007 жылдан 2010 жылға дейін Қарағанды облысы Жезқазған қалалық сотының судьясы болып қызмет еткен. Одан кейін 2010–2018 жылдары аралығында Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы болды. Сол кезеңде ол алқабилердің қатысуымен Ерасыл Аубакировтің Астанадағы өліміне қатысты атышулы істі қараған.
2018 жылдың қазанында Әшірбеков Алматы қалалық сотының судьясы болып тағайындалды. Екі жылдан кейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының төрағасы болды. Асхат Әшірбековтің жалпы сот тәжірибесі 17 жылдан асады.
ДИКИЙ АРМАННЫҢ ІСІ
Айта кетейік, Асхат Әшірбеков 2022 жылғы қаңтар оқиғасына байланысты атышулы қылмыстық іс бойынша Арман Жұмагелдиевтің, яғни Дикий Арманның ісін қараған болатын. Үкім 2025 жылғы 27 қаңтарда жарияланды. Жұмагелдиев ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, оны басқарғаны, бандитизм, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны, адам ұрлап, заңсыз бостандықтан айырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот Дикий Арманды 20 жылға бас бостандығынан айырды.