Арабша жазуы бар ту ұстап суретке түскен төртінші қызға үкім шықты. Күні кеше суреттегі тек үш қызға сот үкімі шыққан болатын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Іс Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Суреттегі төртінші қыз А.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды (ұсақ бұзақылық).
СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ
Сотта 23 наурызда кәмелетке толмаған А. басқа үш қызбен бірге Атырау қаласындағы мұз айдыны ғимаратында араб тіліндегі жазуы бар Қазақстан Республикасының туымен суретке түсіп, оны әлеуметтік желі арқылы таратып, ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды.
Суреттегі қыздың әкімшілік құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі әкімшілік құқық бұзуышылық туралы хаттамамен, фотосуретпен, баянатпен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.
ЖАЗА
ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 5-тен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген.
ҮКІМ
Сот қаулысымен кәмелетке толмаған А.-ның заңды өкіліне әкімшілік жаза ретінде 39 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
ҮШ ҚЫЗДЫҢ ЖАЗАСЫ
Сот қалған үш қызды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі бойынша (ұсақ бұзақылық) кінәлі деп таныды.
Азаматша Н.-ға қатысты ауырлататын мән-жайлар ескерілді — кәмелетке толмағанды әкімшілік құқық бұзушылыққа тарту және топ болып құқық бұзушылық жасау. Осыған байланысты ол 15 тәулікке қамауға алынды. Құқық бұзушы А.-ға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне 39 320 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстанның Мемлекеттік туының жоғарғы жағында арабша жазу жазылып, қылыштың бейнесі бар фото желіде тараған. Қыздардың бет-жүзін тұмшалағаны әрі туды бұрмағаландары көпшіліктің ашуын туғызған.