Енді көліктен басын шығарғыштарға айыппұл салынады

Сымбат Сатыбалдина

Қазақстанда көлікте отырған кезде терезеден немесе люктен басын шығарып, қауіпті әрекеттер жасаған азаматтар енді жазаланады. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Pexels.com

ҚАУІПТІ ӘРЕКЕТ

Жастар кейде көлікпен жүрген кезде терезеден не люктен басын шығарып, түрлі қауіп төндіретін әрекеттер жасайды. Мұндай жағдайлар әсіресе мектеп бітіру кештері мен үйлену тойларында жиі кездеседі.

- Адамдар бұл әрекеттердің қаншалықты қауіпті екенін ойламай жатады. Ал енді бұл – заң бұзу саналады, дейді Сұлтанбаев.

АЙЫППҰЛ

Биылғы 13 наурыздан бастап күшіне енген әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, көлік терезесінен басын немесе дене мүшесін шығару – ереже бұзу болып саналады.

Бұл үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 39 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Жолаушы да, жүргізуші де жазасыз қалмайды.