Көпшілікке Say Mo есімімен танымал әнші Мөлдір Есембек актер Шәріп Серік (Шакенти) көрген қорлығын ашық айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл мәлімдемеге түрткі болған — Шакентидің бұрынғы сүйіктісі Алия Бутееваның жариялаған видеосы. Онда бейнебақылау камерасынан түсірілген кадрлар көрсетілген: актер Әлияны лифттен дөрекі түрде сүйреп шығарғаны анық байқалады. Бұл видео қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желіде сынға ұшырады.
Осы дау аясында, бірнеше жыл бұрын Шакентимен некеде болған Say Mo Instagram парақшасында бұл қарым-қатынаста өзі де абьюзға ұшырағанын мәлімдеді.
Цитата
Қазір менде дәлел жоқ. Бұрын анама жіберген, денем көгерген суреттерді өшіріп тастағанмын. Әр жанжалдан кейін ол кешірім сұрайтын. Актер сияқты «тізерлеп» келетін. Абьюзивті қарым-қатынаста болмаған адам жәбірленушінің әрекетін ешқашан түсінбейді. «Неге шыдадың?» деп сұрайсыздар ма? Білмеймін.
Мен әкесіз өстім. Ер адамның әйелге қалай қарауы керектігін білмеймін, өйткені бала күнімде ондай үлгіні көрмедім. Анам көп жұмыс істеді, мен еркекше өсіп кеттім. Бір күні кең көлемде сұхбат беріп, бәрін айтып берем, – деді ол.
Say Mo-ның айтуынша, жағдайды ашық айтуға жасаған алғашқы әрекеті – 2021 жылдың көктемінде, ажырасқаннан кейін бірден шыққан “Woman” атты әні болған.
Мен үнсіз қалған жоқпын, мен айқайладым! Не туралы екенін ақымақтың өзі түсінер еді, — деп қосты ол.
Анықтама үшін
Еске сала кетейік, Алия Бутеева танымал қазақстандық актермен қарым-қатынаста болған кезінде оның өзін соққыға жыққанын мәлімдеді. Бұл туралы фотосуреттермен бірге әлеуметтік желіде жазба жариялаған.
Осыдан кейін Salem Entertainment медиакомпаниясы онымен әріптестікті тоқтатып, Шәріпті "қара тізімге" енгізді.