Экономист теңгенің нығаюы ел бюджетіне неліктен қауіпті екенін түсіндірді

Ulysmedia коллажы

Теңгенің нығаюы Қазақстан бюджетінің қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша кірістерді толық жинай алмауына басты себеп болды. Мұндай пікірді «Банк ЦентрКредит» басқармасының бұрынғы төрағасы Ғалым Құсайынов білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Құсайынов өз талдауын Telegram-арнасында жариялады.

Оның айтуынша, 2026 жылғы бюджет кірістері доллардың 540 теңге болатын бағамы негізінде есептелген. Алайда жылдың басым бөлігінде доллар бұл деңгейден 85–95 теңгеге төмен саудаланған.

Бюджет қанша кірістен қағылды?

Қаңтар-тамыз аралығында ҚҚС түсімдері жоспардан шамамен 490 млрд теңгеге аз болған. Қаржы министрлігі жылдық болжамды 2–2,2 трлн теңгеге төмендетті.

Импорттың теңгемен есептегендегі құны арзандаған кезде, елге әкелінетін тауарлардан алынатын салық көлемі де азаяды.

– Мұнай, алтын және мыс бағасының өсуі сияқты басқа макроэкономикалық факторлар ҚҚС түсіміне айтарлықтай әсер етпейді, өйткені экспортқа нөлдік мөлшерлеме қолданылады. Сондықтан, менің бағалауымша, жоспардың орындалмауының негізгі бөлігі теңгенің нығаюымен түсіндіріледі, – деп жазды Хусаинов.

Теңге неліктен нығайып жатыр?

Экономист теңгенің нығаюына әсер ететін алты факторды атады. Оның ішінде негізгісі – алтын.

Ұлттық банк қазақстандық өндірушілерден алтынды теңгеге сатып алып, кейін нарықта дәл сондай көлемдегі валютаны сатады. «Айна операциялары» деп аталатын бұл тетік алтын сатып алудың инфляцияны үдетуіне жол бермеу үшін қолданылады.

Алайда алтын бағасының қымбаттауы доллар ұсынысын айтарлықтай арттырған.

Тек 2026 жылғы қаңтар-тамыз аралығында Ұлттық банк осы операциялар үшін шамамен 5,9 млрд доллар сатқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға көп.

Теңгені қолдайтын басқа факторлар:

  • Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер;

  • мұнай, уран және мыс экспорттаушылардың кірісінің өсуі;

  • мемлекеттік компаниялардың шетелден қарыз алуы;

  • бизнестің валюталық кредиттері.

Тағы бір себеп – базалық мөлшерлеменің жоғары болуы. Шетелдік инвесторлар елге валюта әкеліп, теңгемен номиналданған облигацияларды сатып алған.

Теңгенің нығаюы несімен қауіпті?

Құсайыновтың айтуынша, теңге инфляция 9%-дан жоғары болғанына қарамастан, бір жылға жуық уақыт бойы нығайып келеді. Әдетте мұндай инфляция жағдайында валюта уақыт өте арзандауы тиіс.

– Соңғы 12 айда доллардың ресми бағамы 538 теңгеден 439 теңгеге дейін төмендеді. Қазір ол шамамен 454 теңге. Негізгі экономикалық факторларға қайшы келетін мұндай алшақтық ұзаққа созылмайды және кейін валютаның жедел құнсыздануына әкелуі мүмкін, – деп ескертті экономист.

Теңгенің нығаюының артықшылықтары да бар. Импорт арзандап, инфляция бәсеңдейді. Мәселен, инфляция 2025 жылғы қыркүйектегі 12,9%-дан 2026 жылғы қыркүйекте 9,3%-ға дейін төмендеген.

Қазақстандықтардың доллармен есептегендегі табысы артып, бизнеске жабдық сатып алу арзандайды.

Алайда экспорттаушылар мен отандық өндірушілер зардап шегеді. Олар импорттық тауарлармен бәсекелесу үшін бағаларын төмендетуге мәжбүр болады. Соның салдарынан кейбір өндіріс орындары жабылуы мүмкін.

Экономист нақты болжам жасаудан бас тартты

Құсайынов валюта бағамына қатысты нақты болжам бермеді.

Оның сөзінше, алдағы айларда теңге бағамы алтын мен Ұлттық қор валютасының сатылуына, мемлекеттік компаниялардың қарыз алуына және шетелдік инвесторлардың әрекетіне байланысты болады.

Егер Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуді жалғастырса, инвесторлар теңгелік облигацияларды сата бастауы мүмкін.

– Бірнеше жылдық кезеңге қатысты болжам жасау оңайырақ. Қазақстандағы инфляция сауда серіктестерімізге қарағанда айтарлықтай жоғары болғанша, теңге біртіндеп құнсызданады. Ең бастысы, бұл үдеріс бірқалыпты жүруі керек, – деп санайды экономист.

Контекст

30 қазанда, жұма күні, биржада доллар 453,77 теңгемен саудаланды. Бүгін Алматыдағы айырбастау пункттерінде доллардың орташа сату бағамы 455,24 теңге болды.