Ақтөбеде есірткі саудасынан түскен 400 млн теңгені криптовалютаға аударған топ ұсталды

ЖИ/ Ulysmedia

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті есірткі сататын интернет-дүкенге төлем қабылдап, ақша аударумен айналысқан қылмыстық топты анықтады. Күдіктілер 400 млн теңгеден астам қаражатты криптовалютаға айырбастаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Тергеу мәліметінше, Ақтөбе қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде ақша айырбастау тобын құрып, оған жеті сыбайласын тартқан. Топ мүшелері міндеттерін бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген. Осылайша, олар тәулік бойы төлем қабылдап, ақша аударып отырған.

Интернет-дүкен операторлары есірткі сатып алушыларды тапсырыс ақысын төлеу үшін осы топқа бағыттаған. Төлем расталғаннан кейін сатып алушыларға есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген.

Айырбастау тобы күн сайын 50-ден 70-ке дейін төлем операциясын жүргізген. Ақша қабылдау үшін дропперлердің атына ашылған 22 банк картасын пайдаланған.

Кейін түскен қаражат криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасын басқаратын адамдардың бақылауындағы криптоәмияндарға аударылған.

Тергеу

Аударылған қаражаттың жалпы көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Бұл 400 млн теңгеден астам сомаға тең.

Қылмыстық әрекетті ұйымдастырған адам қамауға алынды.

Тергеу жалғасып жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.