Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алған Баратов Алматыдан ұшып кетпек болған

Сырым Қаржас

Оқиғаның хронологиясын сотта мемлекеттік айыптаушы Алмас Бертаев баяндады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

Бертаевтың айтуынша, 7 наурыз күні Баратов өміріндегі қиындықтарға, соның ішінде жұмыссыз қалуына байланысты алаңдап, автобуспен Алматы халықаралық әуежайына келген. Сағат 11 шамасында ол әуежай ғимаратына кіріп, екінші қабатқа көтеріліп, жолаушыларды тіркеу залын көреді. Жолаушылардың ұшуға дейінгі тексеруден өтіп, күту залына қарай бет алғанын байқаған Баратов өзі де басқа қалаға ұшуға болатынын ойлап, басқа жолаушылардың соңынан еріп, тексеру бекетіне дейін барған.

Тексеру бекетінде оны қауіпсіздік аймағының қызметкері Ботагөз Мұхтарова тоқтатады. Ол Баратовтан ұшаққа отырғызу талонын және жеке куәлігін көрсетуді сұраған. Сол сәтте, ешқандай құжаты жоқ екенін біле тұра, Баратовтың ойына кепілге адам алып, сол арқылы ұшаққа қасақана өтіп кетпек болған, – деді мемлекеттік айыптаушы сот отырысында.

Істі Алматы қаласындағы Түрксіб аудандық соты қарап жатыр.

ОҚИҒА ТУРАЛЫ

Айта кетейік, Алматыда ер адам әуежай қызметкеріне пышақпен тап берген болатын. Телеграмда ер адам әуежай қызметкерінің шашынан ұстап алып, қоқан-лоқы көрсетіп жатқан видеосы тарады. Ер адамның қолында пышақ болған. 

Артынша белгісіз ер адам қаскөйге қызды жіберіп, кепіл ретінде өзін ұсынып, қасына келген. 

Желіде тараған видеоларда ер адам алдымен қаскөймен сөйлесіп тұрып, артынша қолындағы пышағын жұлып алады.

ҮШ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Бұл дерек бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда:

Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) - мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы.

Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) - 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) - 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.