Қазақтың сапалы етін шұжыққа жұмсау қылмыспен тең – ет одағының басшысы

Аян Өрібай
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан не себепті Аргентина, Уругвай сынды алыс құрлықта жатқан мемлекеттерден ет экспорттайды? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты Қазақстан ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаевқа қойды.

БАҚТЫБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Біз Аргентина, Уругвай, Бразилия секілді елдерден шамамен 10-15 мың тонна импорттаймыз. Бұл – жалпы мөлшердің шамамен 3 пайызы. Бұл ет арзан. Өңделіп, консервіге, шұжыққа жұмсалады. Себебі шұжық үшін қымбат ет сатып алудың қажеті жоқ. Түрлі өңдеу жолдарынан өткеннен кейін ет бәрібір бастапқы дәмінен айырылады. Сондықтан, ең бәсекеге қабілетті шұжықты өндіру үшін ең арзан ет керек. Ал сол еттерді Аргентина, Уругвай, Бразилиядан әкеліп жатырмыз, – дейді Мақсұт Бақтыбаев.

Сарапшының сөзінше, шетелден етті арзанға әкеліп, елде сапалы шұжық өндірудің ең жамандығы жоқ.

Америка ет импорты жағынан ең бірінші орында. Экспорт жағынан да бірінші орында. Олар Бразилиядан етті арзанға алады да, котлет, стейк түрінде қымбатқа сатады. 

Бақтыбаевтың айтуынша, Қазақстанның етін әлем мойындаған. “Қазақтың сапалы етінен шұжық жасау қылмыспен тең. Шұжықта дәм жоқ. Біз етімізден түрлі стейктерді жасауымыз керек” дейді ол.