Алматы қаласында тұрғын үй кешенінің терезесінен жасөспірім қыз құлап кетті. Бұл оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Куәгерлердің айтуынша, бүгін жасөспірім “Алтын Бұлақ-2” тұрғын үй кешенінің 16-қабатынан секірген. Оқиға орнынан түсірілген фото және видео материалдар әлеуметтік желілерде жарияланды.
Аталған дерек бойынша Алматы қаласы ПД Алмалы аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.
Айта кетейік, наурыз айының соңында Алматыда 19 жастағы бойжеткен тоғызыншы қабаттан құлап кеткен болатын. Қайғылы жағдай таңғы уақытта, қаланың орталығына жақын ірі тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Белгілі болғандай, ол қайғылы оқиғаның алдында сүйіктісімен ұрсысып қалған.