35 жылдық несие: Украина қарызға батты ма

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Еуропалық комиссия Украинаға макроқаржылық көмек (MFA) шеңберінде 1 миллиард еуро көлеміндегі кезекті төлемді жүзеге асырды. Осылайша, жалпы төленген көмек мөлшері 5 миллиард еуроға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

1 МИЛЛИАРД ЕУРО: ЖАҢА ТРАНШ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Бұл қаржы майдандағы іс-шараларға және елді қалпына келтіру жұмыстарына, атап айтқанда, энергия, су және көлік инфрақұрылымын жөндеуге бағытталады. Қалған қаражат Украина қажеттілігіне қарай бөлінетін болады.

ЕС ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖАҢАРТУҒА ҚОСЫМША ҚАРЖЫ БӨЛЕДІ

Еуроодақ Украина инфрақұрылымын қалпына келтіру және жаңарту бойынша көмекті кеңейтіп отыр. Еуропа-Украина Ассоциациясы кеңесінің отырысында тараптар бірнеше несие туралы келісімге қол қойды. Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) арқылы бөлінетін 300 миллион еуро көлеміндегі бұл қаражат су, жылу жүйелері мен басқа да маңызды инфрақұрылымдарды қайта қалпына келтіруге жұмсалады.

УКРАИНА ЕУРООДАҚТЫҢ ҒАРЫШТЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНА ҚАТЫСАДЫ

Сонымен қатар, Украина енді Copernicus сынды ЕО-ның Жерді бақылау бағдарламаларына да қатысады. Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен бұл қадамдарды «ортақ болашаққа инвестиция» деп атады. Оның айтуынша, ЕО Украинамен бұрын-соңды болмаған деңгейде ынтымақтаса жұмыс істеп жатыр.

35 ЖЫЛҒА БЕРІЛГЕН НЕСИЕ: ҚАЛАЙ ЖӘНЕ ҚАЙДАН ҚАЙТАРЫЛАДЫ?

Украина бұл макроқаржылық көмекті 35 жыл мерзімге несие ретінде алады. Несие Ресейдің бұғатталған активтерінен түсетін табыстар есебінен өтелмек. Бұл қаражат әскери жағдайдағы мемлекеттің басым бюджеттік шығындарын өтеуге және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталады. Украина Қаржы министрі Сергей Марченко мәлімдегендей, бұл көмек G7 бастамасының бір бөлігі болып табылады. Жалпы көлемі 18,1 миллиард еуроны құрайтын ЕО көмегі G7 елдерінің Украинаның жедел бюджеттік қажеттіліктеріне арналған 45 миллиард еуролық пакетін толықтырады.