Гүлнәр Тойлыбаева Құрылтай депутаты атанды

Орталық сайлау комиссиясы

Орталық сайлау комиссиясы Гүлнәр Тойлыбаеваны Қазақстан Құрылтайының депутаты ретінде тіркеді. Ол бұған дейін депутаттық өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқан Татьяна Савельеваның орнына келді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Гүлнәр Тойлыбаеваға депутаттық куәлік пен төсбелгі табыстады. Оның кандидатурасын «Әділет» партиясы ұсынған.

– «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 44-бабына сәйкес, Құрылтай депутатының өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясы оны депутат ретінде тіркеген сәттен басталады. Сіздің мол кәсіби тәжірибеңіз елдегі заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғары өкілді органда тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – делінген ОСК сайтында Нұрлан Әбдіровтің сөзінде.

Гүлнәр Тойлыбаева кім?

Жаңа депутат 59 жаста. Ол педагогикалық институтты физика және математика пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, кейін заңгерлік білім алған.

Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. Кейін аудандық әкімдікте жұмыс істеп, «Нұр Отан» және Amanat партияларының өңірлік құрылымдарында басшылық қызметтер атқарған.

2022 жылы Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланып, 2023 жылы мәслихат төрағасы қызметіне кірісті. Сондай-ақ өңір әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеген.

Еске салайық, Татьяна Савельева жақында Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды.