Еуроодақ Трампқа тосын жауап қайтарды — неге салықтар шегерілді

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, Еуроодақ АҚШ тарапынан енгізілген баж салығына жауап ретінде жоспарланған салықтарды 90 күнге кейінге қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, бұл шешім АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың салық енгізуді уақытша тоқтату шешімінен кейін қабылданған.

"Біз президент Трамптың мәлімдемесін ескере отырып, келіссөздерге мүмкіндік бергіміз келеді. ЕО елдері қолдаған қарсы шараларды қабылдау процесін аяқтаған соң, оларды 90 күнге шегеруді ұйғардық", — деді фон дер Ляйен.

Дегенмен, ол келіссөздер сәтсіз аяқталса, бұл шаралардың күшіне енетінін ескертті.

"Барлық нұсқалар келіссөз үстелінде қалады", — деп қосты саясаткер.

ЕУРООДАҚ АҚШ-ТАН ӘКЕЛІНЕТІН ТАУАРЛАРҒА САЛЫНАТЫН БАЖ САЛЫҒЫН ДАЙЫНДАП ҚОЙҒАН

7 сәуірде ЕО-ның сауда істері жөніндегі комиссары Марош Шефчович Брюссельдің 15 сәуірден бастап АҚШ-тан келетін бірқатар тауарларға қарсы баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Алғашқы тізімге мынадай тауарлар енген:

  • американдық джинсы,

  • виски,

  • арахис майы,

  • мотоциклдер және басқа да бұйымдар.

Кейінірек бұл тізім кеңейтіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін де қамтуы мүмкін. Атап айтқанда:

  • құс еті, сиыр еті,

  • кейбір теңіз өнімдері,

  • жаңғақтар, жұмыртқа,

  • сүт өнімдері, қант және көкөністер.
    Сондай-ақ, былғары өнімдері, тұрмыстық техника, құрал-саймандар, пластмасса және ағаштан жасалған тауарлар да тізімге кіруі ықтимал.

ТРАМП БІРҚАТАР ЕЛДЕР ҮШІН БАЖ САЛЫҒЫН УАҚЫТША ТОҚТАТТЫ

9 сәуір күні Дональд Трамп 90 күн мерзімге жаңа баж салығын енгізуді тоқтататынын жария етті. Бұл жеңілдік жауап шара қабылдамаған елдерге қатысты қолданылмақ. Аталған елдер үшін тариф 10% деңгейінде қалады.

Сонымен қатар, Трамп Қытайдан келетін тауарларға арналған тарифті 104%-дан 125%-ға дейін көтеретінін де хабарлады. Бұл шешімдер бірден күшіне енді.

ЕУРОПАЛЫҚ БИРЖАЛАРДА ӨСІМ БАЙҚАЛДЫ

АҚШ-тың баж салығын тоқтату шешімінен кейін 10 сәуірде таңертең STOXX 600 индексі 5,9%-ға көтерілді.

  • Германияның DAX индексі — 8,2%,

  • Францияның CAC 40 — 5,4%,

  • Ұлыбританияның FTSE 100 — 4% өсті.

Бұған дейін Трамптың шешіміне АҚШ пен Азия биржалары оң реакция танытқан еді.