"Жерге қараттық": Ticketon басшысы Джей Ло концертіне билет сату кезіндегі қателіктерді мойындады

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Ticketon.kz негізін қалаушы Алексей Ли Астанада өтетін Дженнифер Лопестің концертіне билет сату кезінде туындаған мәселелерге байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ли Ticketon сервисінің тұтынушыларын жерге қаратқанын мойындады. Оның сөзінше, сайт командасы концертке деген қызығушылықтың ауқымын дұрыс есепке алмаған.

– Сайт істемей қалған кезде техникалық команда Cloudflare — электрон кезек жүйесін шұғыл енгізді. Алайда асығыстықпен, қысым жағдайында техникалық мамандар бірқатар маңызды жайтты ескермеді. Соның салдарынан тапсырыс көп болды және билеттердің қайталану қаупі жоғары болды. Біз осы қауіптерді байқаған соң, билет сатуды тоқтаттық және түні бойы қайталанған тапсырыстарды біртіндеп анықтап, алыпсатарларды алып тастап, әр клиент үшін жеке шешім іздедік. 

Оқиғаға қатысты толық техникалық талдауды IT-қоғамдастық үшін ертең ұсынамыз. Түнгі сағат бірге қарай біз таза базаны қалыптастырып, дұрыс сатып алғандарға ваучерлерді жібере бастадық. Қызметкерлер тәулік бойы, нон-стоп жұмыс істеп жатыр, — деп жазды ол.

Ли ваучер алған адамдардың алаңдауына негіз жоқ екенін айтты. Қалған ваучерлер бүгін жіберіледі.

— Тапсырысы басқа көрермендердің тапсырысымен қайталануы мүмкін клиенттер үшін біз екі түрлі сценарий бойынша әрекет етеміз. Көпшілігіне апгрейд ұсынамыз: билет санатын өз есебімізден жоғарылатамыз. Ал билеттің бағалық сегменті төмендеген жағдайда, толық ақшасын қайтарамыз — осылайша, олар концертке тегін кіре алады, — деді Ticketon басшысы.

ӘНШІНІҢ КОНЦЕРТІ

Америкалық поп-дива Дженнифер Лопес Қазақстанды өзінің әлемдік Up All Night турнесіне қосқан.

Концерт 2025 жылдың 1 тамызында Astana Arena стадионында өтеді. Бұл – Лопестің Қазақстандағы алғашқы өнер көрсетуі.

Тур әлемнің 15-ке жуық қаласын қамтиды, олардың арасында Анталья, Ыстамбұл, Мадрид, Барселона, Будапешт және Варшава бар. Қазақстан – Орталық Азиядағы осы гастрольдік сапарға қосылған аз ғана елдің бірі, бұл шара жергілікті жанкүйерлер үшін ерекше мәнге ие.

Шамамен 15 мың шетелдік турист концертке келмек. Ал экономикалық әсері 6,5 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін