Адвокат Ләззат Ахатова біраз уақыт үнсіздікте болғанымен, әлеуметтік желіде даулы істің мән-жайын ашып жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, Әнару Құрманәлі ісіне қатысты зорлық фактісі нақты орын алған.
“Ең басты айтарым – зорлық орын алған!” – деп нақты мәлімдеді адвокат.
“ДИКИЙ АРМАННЫҢ СПОРТШЫСЫ”: ІСТІҢ ЖАБЫЛУЫНА КІМ МҮДДЕЛІ?
Ахатова өз жазбасында бұл істің неге әділ тергелмей келе жатқанын ашық көрсетті. Оның айтуынша, күдікті тараптың артында ықпалды күштер тұр.
“Тұраровтың қолдаушылары барлық органда болғандықтан, біраз жылдан бері есірткіге тәуелді екенін отбасы да, араласатын адамдар да білетіні анық. Бірақ біздің елде барлық адамға қатысты ондай қылмыстар ашыла бермейтінін білесіздер”, – дейді ол.
Адвокат күдіктінің “Дикий Арманның” командасында болғанын ескере отырып, қылмысты жасыруға күш салынып жатқанын меңзейді.
ЖӘБІРЛЕНУШІМЕН ҚАТЫНАСТА ҚИЫНДЫҚТАР БОЛҒАН
Ләззат Ахатова жәбірленушіге деген көзқарасын да жасырмады. Ол өзінің көмегін шын көңілден көрсеткенін айта отырып, жәбірленушінің мінез-құлқынан шаршағанын жазды.
“Қыздарыммен жасты қыз ғой деп, ана ретінде тағдыры үшін жаным ауырып, шын ниетіммен қолдағаным, қорғағаным – бәріңізге аян... Бірақ мен Алладан басқа ешкімнен қорықпаймын. Жәбірленушінің әрекеттерінен де, әкесінің әрекеттерінен де морально шаршадым...” – деп жазады ол.
“МЕН НЯНЯ ДА БОЛДЫМ, ПСИХОЛОГ ТА БОЛДЫМ...”
Ахатова бұл іс кезінде тек адвокат ретінде ғана емес, адам ретінде де үлкен қысымға тап болғанын жеткізді.
“Біреудің отбасылық проблемаларына, қарым-қатынастарындағы күрделі жағдайлар мен өкпе-налаларына еріксіз куә боп, араласуға да мәжбүр болыппын. Адвокат қана емес, психолог, няня да боп кеттіппін. Олай жасауға міндетті болмасам да”, – деп ашына жазды.
“ШАЙНАП БЕРГЕНДІ ЖҰТА АЛАТЫН ШЫҒАР...”
Адвокат істі тоқтату туралы соңғы шешімді клиенттің әкесі қабылдағанын да жасырмады. Барлық құжатты дайындап бергенін айтып, істі әрі қарай жалғастыру мүмкін еместігін жеткізді.
“Жеңіп шығуға негіз болатын барлық құжаттарын дайындап бердім, шайнап бергенді жұта алатын шығар, енді...” – дейді ол.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Еске салайық, былтыр 21 тамызда Жанқош Тұраров "қыз зорлады" деген ақпарат тараған. Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалғанын хабарлаған еді.
Кейінірек боксшының өзі тараған ақпаратқа қатысты жауап берді.
Артынша "Боксшы Жанқош Тұраров зорлады" деп айып таққан қыз тілшілерге сұхбат берді. Оның сөзінше, спортшы бірнеше жыл бойы "әйелім етіп аламын" деп алдап келген. Бойжеткен "соңғы кездесу зорлықпен аяқталды" дейді. Жәбірленуші денесіндегі көгерген жарақаттарына дейін көрсеткен.