"НеМолчи" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смаилованың Черногорияда қалай ұсталғанын жары Алмат Мұхамеджанов Ulysmedia.kz тілшісіне айтып берді.
Мұхамеджановтың айтуынша, Динаны Черногория Жоғарғы сотының шешімімен ұстаған. Пәтерлеріне келген екі полиция қызметкері – ер мен әйел олардан тек сұрақ-жауап алу үшін бөлімшеге бірге жүруді өтініп, кейін босатамыз деген.
Ештеңе ойламастан, жартылай үй киіммен шықтық. Біз енді Еуропадамыз ғой деп сендік. Бөлімшеге барсақ, "сіз қамауға алындыңыз" дейді. Қалайша, не үшін? Полиция өкілі Черногория Жоғарғы сотының шешімі барын айтып, ертең сағат 9:30-да экстрадиция жөніндегі сотқа жеткіземіз деді, – дейді ол.
Мұхамеджанов черногор тілін түсінбеген соң құжатты фотосуретке түсіріп, адвокаттарына жолдамақ болған. Алайда полицейлер құжатпен танысуға үзілді-кесілді тыйым салған. Одан кейін Динаны әкетіп, саусақ таңбаларын алып, суретке түсіріп, қайта әкелген.
Артынан ер адамдар тінтіп, қалталарын тексерді. Динаның өзінде ештеңе болған жоқ, – дейді ол.
Күйеуінің айтуынша, құқық қорғаушылар Динаға түсініксіз құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеген. Алмат Мұхамеджанов бұған қарсылық білдірмек болғанда, өзін бөлімшеден қуып шыққан.
Мойнымнан ұстап, есікке дейін итеріп шығарды. Сол сәтте Қазақстанымыз есіме түсті. Бізбен де осылай сөйлесетін. Негізсіз, себепсіз. Қалаған уақытта тұтқындайды, қалаған кезде қуып шығады. Қазір қолдау тобының мүшелерімен бірге бөлімшенің жанында отырмыз, – деді ол.
Оның сөзінше, жергілікті құқық қорғау ұйымдары да полиция бөліміне жетіп келген.
Алмат Мұхамеджанов бұл оқиғаны Лиза Пылева ісі бойынша ақталған Сергей Рыжаковпен байланыстырады. Рыжаков – қаза тапқан қыздың атасы. Ол бұған дейін Таңсәріге бірнеше мәрте қоқан-лоққы жасаған.
Күдік бар. Дина бұл туралы бірнеше мәрте жазды. 28 наурызда біз Лиза Пылаеваның атасы Сергей Рыжаковтың үстінен өлтірем деп, денсаулыққа зиян келтірем деп қорқытқаны бойынша арыз жаздық. Ол Лизаның атасы. Facebook желісінде "Құтыла алмайсың, мен сені табамын, мен ауған соғысының офицерімін. Бәрін реттеп қойдым, сені Қазақстанға экстрадиция жасатамын. Тізерлетем" деп жазған, – дейді ол.
Мұхамеджанов бұл жай ғана сәйкестік емес екенін айтады.
Мұның бәрі соның салдары екеніне күмәнім жоқ. Біз Черногорияда бір жарым жылдан бері тұрамыз. Сол арыздан кейін бірден Жоғарғы сот Динаны экстрадициялау мәселесімен айналыса бастады. Бұған дейін оны үш рет қайтаруға тырысты, бірақ экстрадиция болмады. Себебі ол саяси баспана сұраған, – дейді ол.
Сөз соңында Мұхамеджанов Рыжаковтың мүмкіндігін меңзеп өтті:
Мен біреудің ақшасын санамаймын. Бірақ кісі өлімі ісі бойынша ақталып шығу – оңай шаруа емес. Оның артында қандай күш тұрғанын елестете беріңіз, – деді ол.
Мұхамеджанов Черногория билігі Дина Таңсәріні Қазақстанға қайтармайды деп үміттенеді. Себебі ол бұл елде саяси босқын мәртебесімен тұрып жатыр.