Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киікті атуға қатысты сұраққа нүкте қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
- Бүгінде біз ғалымдарды жинап, киіктерді атуға қатысты сұрақ қойдық. Қазіргі таңда Оралдағы Жәңгір хан атындағы университетте киікпен айналысатын ғылыми институт бар. Шетелде көп жылдан бері киікпен айналысатын серіктестеріміз бар. Ғалысмдар солармен бірігіп, осы мәселені зерттеп жатыр. Келесі аптада нақты жауап беріледі. Қазіргі таңда 4 миллиондай киік бар, дейді министр.
Нысанбаев “киік атудан бас тартқан жоқпыз” деп нүктесін қойды.
- Әзірге президенттің Қостанайда берген тапсырмасымен әрекет етеміз. Ғылыми негіздемелер керек. Онсыз әрекет жасай алмаймыз. Келесі аптада белгілі болады, дейді министр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 12 ақпанда экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 10 ақпаннан бастап Қазақстанда ақбөкендерді ату тоқтатылғанын мәлімдеген болатын.
Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, киікті ату отандық ғалымдармен және халықаралық сарапшылармен консультациялар мен талқылаулардан кейін тоқтатылған.
– Қыста қозғалыс қиын. Сондықтан 10 ақпаннан бастап біз ақбөкендердің санын реттеу процесін тоқтаттық. Былтырғы жылды ескере отырып, биыл мамыр айында егжей-тегжейлі есеп жүргізіледі", - деді экология министрлігінің басшысы мәжіліс кулуарында.
Экология министрлігінің болжамы бойынша көктемде ақбөкен санының 40% артуы мүмкін. Ал былтырғы популяцияны ескергенде олардың саны шамамен 2,5–2,6 млн басты құрайды.