Тілді түсінбей, қандай құжатқа қол қойғанымды ұқпадым – Дина Таңсәрі

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

«НеМолчи.kz» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі ұсталғаннан кейін алғаш рет журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тергеу соты өтті, маған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды. Судья менің айтқанымның бәрін мұқият тыңдады. Түн ішінде маған адвокат тауып бергендеріңізге рақмет. Кеше полицей бөлімшесінде адвокатсыз, аудармашысыз болдым. Қандай құжаттарға қол қойып жатқанымды (қандай құжаттар екенін – ред.) түсінген жоқпын.

Бүгін адвокатпен 10 минут сөйлесуге мүмкіндік берді. Кейін құқықтарымды қорғадық. Сот менің төлқұжатымды алып қойды, сондай шешім шығарды. Экстрадиция мәселесі әлі қаралған жоқ (яғни, бұл туралы сот шешім шығарған жоқ – ред.). Бүгін бұлтартпау шарасын қарастырды. Яғни, босқын мәртебесі берілгенге дейін мені қамауға алу не алмау мәселесі талқыланды, – деді Дина Таңсәрі журналистерге берген пікірінде.

ДИНА ТАҢСӘРІНІҢ ҰСТАЛУЫ

14 сәуір күні Черногорияда қазақстандық құқық қорғаушы, «NeMolchi.kz» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі ұсталып, Подгорица қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Белсенді өз сөзінде бұл жағдайдың экстрадиция мәселесіне байланысты болатынын мәлімдеді. Алайда нақты не үшін ұсталғаны туралы оған ешқандай ақпарат берілмегенін айтты.

Сонымен қатар, күйеуі Алмат Мұхамеджанов Дина Таңсәрі қалай ұсталғанын айтып берген болатын. 

Ал 15 сәуірде Дина Таңсәрі бостандыққа шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, Черногория соты оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.