Кеңесшілері АҚШ президенті Дональд Трампты Ресейге қарсы қатаң ұстанымда болуға шақырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, Ақ үйде Мәскеуге салынатын санкциялық қысымды күшейту мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұл арқылы Кремльді келіссөз үстеліне отырғызу көзделеді.
Басылым дереккөздерінің мәліметінше, президент әкімшілігіндегі негізгі тұлғалар — мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Ресей және Украина мәселелері жөніндегі арнайы өкіл Кит Келлог Трампқа Мәскеудің дипломатиялық күн тәртібін таңуға тырысып жатқанынан қауіптенетінін жеткізген. Оның ішінде, Ресей тарапының Киевтен территориялық жеңілдіктер талап етуі де бар. Олар мемлекет басшысын Ресей президенті Владимир Путиннің "бейбіт келісімге дайынбыз" деген жалған белгілеріне сенбеуге, керісінше, Кремльге қысымды күшейтуге үндеген.
Рубио мен Келлог – Кремльге қатаң ұстаным ұстануды қолдайтын Трамптың аз ғана кеңесшілер тобының мүшелері. Олардың пайымынша, Батыс тарапынан жасалған кез келген жеңілдік Мәскеуде әлсіздік белгісі ретінде қабылданып, қақтығысты одан әрі ұзартады.
Сонымен қатар, WSJ дереккөздері Трамп Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стивен Уиткоффқа сенім білдіруін жалғастырып отырғанын атап өтеді. Уиткофф жақында Мәскеуге екі мәрте сапарлап қайтқан. Ол өз сапарларының қорытындысы бойынша Путиннің бейбіт келісім жасауға мүдделі екеніне сенімді екенін айтқан. Трамп айналасындағы көзқарас қайшылығына қарамастан, бұл пікір оның жағдайды қабылдауына әсер етіп келеді.