Қазақстандықтардың зейнетақы жинағынан бөлінетін 1,5 трлн теңге қайда жұмсалады

Аян Өрібай
Ulysmedia коллажы

Ұлттық банкінің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының қайда инвестицияланып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Былтыр біз үкіметпен бірлескен бағдарламаны жарияладық. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) 1,5 трлн теңге мөлшеріндегі зейнетақы активтерін еліміздің ішкі инфрақұрылымдық жобаларына инвестициялауға дайынбыз. Мұнда салымшыларға алаңдаудың жөні жоқ екенін айтқым келеді: біз үшін ең маңыздысы – бұл қаражат кімге берілетіні. Бұл жағдайда қаражат не «Самұрық-Қазынаға» және оның алғашқы деңгейдегі еншілес ұйымдарына, не болмаса «Бәйтерекке» және тікелей еншілес компанияларына бағытталады. Яғни, кредиттік рейтингі бар ұйымдарға ғана, – деді Тұрсынханов.

Оның айтуынша, бұлар – артында мемлекет тұрған сенімді эмитенттер. Сондықтан салымшылар алаңдамаса болады. Ал зейнетақы қаржысы бағытталатын тараптар бұл қаражатты ірі инфрақұрылымдық жобаларға салады.

Қазір «Самұрық-Қазынаның» жобалары пысықталып жатыр. Сонымен қатар, жыл басынан бері Ұлттық банк «Бәйтерек» облигацияларына бірқатар инвестиция салды. Салымшылар үшін ең маңыздысы – табыстылық. Біз инвестицияны тек нарықтық шарттармен жүзеге асырамыз. Нақты мақсатымыз – нақты табыстылықты қамтамасыз ету. (...) Бұл, өз кезегінде, зейнетке шығатын салымшының лайықты төлем алуға мүмкіндігі болуына жол ашады, – деп түйіндеді Тұрсынханов.

Айта кетейік, биыл қаңтар айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «инвестициялық табыстың теріс мәнде болғанын» мәлімдеген еді – салымшылар шамамен 300 млрд теңгеге жуық қаражаттан айырылған.