Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) Қазақстан азаматтарының болашақ зейнетақысы қандай факторларға байланысты екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖИНАҚ МӨЛШЕРІ НЕГЕ БАЙЛАНЫСТЫ
БЖЗҚ өкілі Мұрат Шәріповтің айтуынша, болашақ зейнетақының көлемі ең алдымен зейнетақы жарналарының жиілігі мен мөлшеріне байланысты.
– Қазір кейбір азаматтар, әсіресе жеке кәсіпкерлер, жарнаны толық аудармайды. Кейбірі жылына бірнеше рет қана аударады. Ал заң бойынша жарналар ай сайын төленуі тиіс. Себебі бұл – еңбек өтілі ретінде есепке алынады. 1998 жылдан кейін еңбек өтілі БЖЗҚ-ға түскен жарналар арқылы есептеледі, – деді ол.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ
Брифингте «ондаған жыл бойы тұрақты жарна аударған азамат қандай зейнетақы алады?» деген сұрақ қойылды.
– Егер азамат 5 миллион теңге жинаса, ай сайын шамамен 33 мың теңге зейнетақы алады. Ал жинағы 50 миллион теңге болса, төлем 350 мың теңгеге жуықтайды. Жинақ сомасы 6%-ға көбейтіледі – бұл зейнетақының бастапқы мөлшері, ал ол жыл сайын 5%-ға индексацияланып отырады, – деп түсіндірді Мұрат Шәріпов.