Соғыс басталғанда қаптаған Ресей бизнесі Қазақстаннан жаппай кетіп жатыр

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

2025 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сәйкес, Қазақстанда ресейлік капиталдың қатысы бар 18,4 мың кәсіпорын белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл көрсеткіш 1 қаңтармен салыстырғанда 495 ұйымға аз болып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл мәліметті DATA HUB келтіреді. Тоқсандық есеппен алғанда, бұл – қатарынан төртінші қысқару. Оның үстіне, бұл төмендеу соңғы алты жылдан астам уақыттағы ең ауқымдысы болып отыр. Мәлімет көзі Ұлттық статистика бюросының деректерін келтіреді.

Назар аударарлық жайт — бұған дейін, яғни Украинадағы соғыс басталған кезден бастап, Қазақстандағы ресейлік компаниялар саны тоқтаусыз өсіп, тоғыз тоқсан бойы үздіксіз көбейіп отырған. Әсіресе, 2022 жылдың II тоқсанынан 2023 жылдың I тоқсанына дейін қарқын ерекше болды. Әр тоқсанда орта есеппен 2,3 мың кәсіпорын қосылып отырған.

Алайда 2023 жылдан бастап бұл өсім бәсеңдей бастады, ал 2024 жылы мүлде тоқтады.

Салалар бойынша қарасақ, соңғы тоқсандағы ең үлкен қысқару ең көп компания шоғырланған бағыттарда тіркелген: сауда саласында – 238 кәсіпорынға азайып, 7,5 мыңға түсті, ал «ақпарат және байланыс» секторында – 70 ұйым қысқарып, 2,5 мыңға дейін кеміді.