Қазақстан медиалары Freedom компаниясы мен оның негізін қалаушысы Тимур Турловтың төңірегінде өрбіген дауға әртүрлі баға беріп жатыр. Кейбір басылымдар бұл жағдайды «олигархтар соғысы» деп атап, оқиғаның тапсырыспен ұйымдастырылғанына меңзейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Миллиардер Тимур Турловтың еншілес компаниясының брокерлік қызметтеріне қатысты дау үдеп барады: зардап шеккендердің есебінше, Freedom Finance-тің бірнеше адал емес брокері шамамен 2,5 миллиард теңгені 30-дан астам қазақстандықтың шотынан шығарып жіберген. Бұған дейін Ulysmedia.kz тілшілері жағдайды жан-жақты сараптап жазған болатын.
Мұнай өндірісі саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Турловқа қатысты «қудалаудың» тапсырыспен ұйымдастырылғанын тұспалдайды немесе тікелей айтқан пікірлермен келіспейді.
Қаржы-өнеркәсіптік құрылымдарда ұзақ уақыт жұмыс істеген адам ретінде айтарым: кез келген ірі банктің дағдарысқа қарсы қорғаныс жүйесі бар. Оның ішінде ішкі комплаенс, заңдық тетіктер, топ-менеджерлердің алаяқтығына қатысты сақтандыру да қарастырылған. Ал ақпараттық кеңістікте басшылық өкілдерінің аты аталған кейстер пайда болғанда, журналистік қызығушылық – бұл тапсырыс емес, қалыпты реакция, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, Freedom-ке деген назар – тапсырыстан емес, көптен бері қоғамда қордаланып келе жатқан сұрақтардың салдары. Олар – капиталдың шығу тегі, холдинг құрылымы, клиенттердің қаражатын басқару тәртібі және т.б.
Freedom төңірегіндегі жағдай – «олигархтар соғысы» емес. Бұл – жергілікті ақпараттық себептің қысым тетігіне қалай айналатынының көрінісі.
Ал шын мәнінде ұтқан кім? Бұл – әдейі қақтығысты ушықтырып, ақпараттық күн тәртібін солай құрып, мықты ойыншыларды бір-біріне қарсы қойып, өздері тасада пайда көріп отырғандар, – дейді Байділдинов.
Бұған дейін Олжас Байділдинов Қазақстанда электр энергиясының бағасы 2–3 есе қымбаттауы мүмкін екенін де айтқан еді.