Әлеуметтік желіде әйелдердің тас төсеу жұмысымен айналысып жатқан видеосы тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бейнежазба Ақтөбе қаласында түсірілгені нақтыланды. Жазба авторының айтуынша, кадрда – аурухананың еден жуушы әйелдері. Оларды тас төсеу мен жөндеу жұмыстарына күштеп жұмылдырған.
Бұл – БСМП, нақтырақ айтқанда неврология ғимараты. Ал мына жердегі әйелдер – аурухана қызметкерлері. Оларды тас төсетуге мәжбүрлеп жатыр. Қастарында бастығы жүр.
Ауыр жұмыс істетіп қойғаны дұрыс емес. Брусчатка төсеу, тас жару деген – құрылысшылардың жұмысы. Бұл не деген масқара? Сұрасам бастықтары “сенің жұмысың емес” деп жауап қатты, – дейді кадр сыртындағы ер адамның дауысы.
Бұған қоса, жазбада облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайдан хабардар екені және оны заңбұзушылық деп есептемейтіні айтылған.
Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысында да бюджеттік сала қызметкерлері – мұғалімдер мәжбүрлеуге ұшыраған болатын. Дегенмен, оларға ауыр жұмыс істетпеген – концертке билет алуға мәжбүрлеген.