«Біреуі ақталып шығуы мүмкін»: адвокат Шерзат ісіндегі күдіктілердің тағдыры туралы айтты

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Адвокат Жандос Тұяқов Шерзат ісі бойынша соттың ашық өтуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“АДАМ ӨЛТІРУ” БАБЫ

Адвокаттың сөзінше, соттың ашық өтуі – халық қалауы болған. 

Себебі соттың ашықтығы заңда көрсетілген нәрсе. 293, 99-баптарға келетін болсақ, ол күнделікті өмірде орын алып жатқан, әсіресе жастардың арасында көп болатын қылмыстың бір түрі. Бұл істе барлық күдіктінің әрекетін қылмыстық кодекстің “Адам өлтіру” бабы бойынша саралау керек еді деп жатыр. Алайда қылмыстық кодекстің 19-бабында “кез келген азамат өзінің қоғамға қауіпті жүзеге асырылған қылмысы үшін ғана жауап беруі тиіс” деп нақты жазылған. Сондықтан сотқа түскен қылмыстық іс бойынша әрбірін адам өлтіру бабы бойынша саралаау мүмкін емес деп ойлаймын, дейді адвокат Ұлысмедиаға берген сұхбатында. 

“ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛАУЫ ОСЫ ЕКЕН ДЕП...”

Халық арасында “күдіктілерге қандай үкім шығатыны алдын ала белгілі” деген пікір тараған. Жандос Тұяқов бұл жайлы не ойлайтынын айтты. 

Бұған дейін Бишімбаевтың ісі қоғамға қатты ұнады. Ол істі тек қазақстандықтар емес, шетелдік, ТМД азаматтары да қарады. Істі тікелей эфирде көрсету соттың ашықтығын көрсету үшін ғана емес, бұл адвокат мамандығына да қызығушылықты арттыру үшін де көрсетілді. Бұрын құқық қорғау органдарында істеген кейбір адамдар зейнетке шыққан соң Бишімбаев процесін көріп, адвокат мамандығы ұнайтынын түсінген. Адвокат ретінде ойым, Бишімбаев ісінде осындай істермен салыстырғанда өте қатаң жаза қолданылған. Халықтың көңілін аулаймын деп мұндай жаза беру дұрыс емес. Оны ақтап отырған жоқпын, бірақ осы салада жүргендіктен әр істі саралаймыз ғой. Марқұм Шерзаттың ісінде де тікелей эфирде жүретіндіктен күдіктілерге қатаң жаза қолданылады деп ойлаймын. Себебі бізде сондай практика бар. Сондықтан халықтың қалауы осы екен деп қатаң жаза беріп, басқа адамның тағдырымен ойнамау керек, дейді Тұяқов.

“СОТТЫ ШОУҒА АЙНАЛДЫРМАУ КЕРЕК”

Шерзат ісі бойынша кейбір күдіктілер 293-баптың 3-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Олар мұнымен келіспейтінін айтты.

Оның себебін “менің қолымда пышақ болған жоқ” деп түсіндірді. Сондықтан мемлекет істің әділ, жан-жақты қаралатынын көрсеткісі келсе, осыған көңіл аударуы керек. Оқиға орнында пышақ болған іс 293-баптың 3-бөлігі бойынша сараланып тұр. Пышақ болмаса 293-баптың 2-бөлігі бойынша қаралар еді, ол жерде айыппұл қарастырылған. Егер сот прокурордың айыптауын толық қанағаттандырып, күдіктілерді жауапкершілікке тартса оған халық риза болатын шығар. Бірақ біз заңгерлер риза болмаймыз, себебі халықтың қалауын орындаймыз деп практикада өзгеріс енгізіп жатыр. Сот саласын шоуға айналдырмау керек, дейді адвокат. 

КҮДІКТІЛЕРДІҢ БІРЕУІ АҚТАЛУЫ МҮМКІН

Жандос Тұяқов Шерзат ісі бойынша логикалық зерттеу жүргізген. 

Бір азамат қылмыс туралы органдарға хабарламады деп жауапқа тартылып отыр. Оны ақтап жіберуі мүмкін деп санаймын. Себебі ондай практика бізде болды. Мысалы 2020 жылы Жанболат Ағаділді өлтірді деген күдікке ілінген Рахмет Өміржан деген азаматты қорғадым. Сол кезде істі жасырып, полицияға хабарламады деп екі адам істі болды, бірақ екеуі ақталып шықты. Бұл дұрыс емес деп санаймын. Сондықтан Шерзат ісінде де бір азамат ақталып шығуы мүмкін, дейді адвокат. 

Еске салайық, 10 сәуірде Талдықорған қаласында Шерзат Полаттың өлімі бойынша соттың алдын ала тыңдалымы өтіп, алғашқы сот отырысы 17 сәуірде басталған болатын. Сотта Шерзаттың әкесі, әжесі, анасы, оқиға куәгерлері жауап бере бастады. 

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.