Татарстанда Қазақстанның тумасы қамауға алынды

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

Татарстанда Қазақстанның тумасы 12 тәулікке қамауға алынды. Оған ұлтаралық араздық қоздырды деген айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Татарстанның Лаишев аудандық соты Қазақстанда туған Роман Краевскийді ұлтаралық араздық қоздырды деген айыппен 12 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Бұл туралы Idel.Реалии басылымы жазды.

Сот шешімінде ол Ресей әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 20.3.1-бабы бойынша — "ұлтқа байланысты жеккөрушілік пен араздық қоздыру және адамның қадір-қасиетін қорлау" бойынша кінәлі деп танылғаны жазылған.

Тергеу деректеріне сәйкес, Краевский “Федор Климов” деген атпен “ВКонтакте” желісінде үш жазба жариялаған, алайда олардың нақты мазмұны сот құжаттарында көрсетілмеген. Сараптама бұл жазбаларда орыс ұлтын қорлайтын белгілер барын анықтаған.

КІНӘСІН МОЙЫНДАМАДЫ

Краевский тергеу кезінде жауап беруден бас тартып, Ресей Конституциясының 51-бабына сүйенген. Бірақ сотта ол бұл жазбаларды өзі жариялағанын растады. Алайда ол кінәсін мойындамай, бұл жазбалар орыс халқына қарсы емес екенін айтқан. Керісінше, өзін орыс халқына жатқызатынын және соларды қорғау мақсатында жазғанын жеткізген.

Сараптама қорытындысымен де келіспейтінін мәлімдеген.

СОТ ШЕШІМІ

Сот шешіміне сәйкес, әлеуметтік желіде экстремистік сипаттағы жазбаларды жариялау – бұл ұзақ мерзімді құқықбұзушылық. Сондықтан адамды жауапкершілікке тартудың бір жылдық мерзімі полициядан прокуратураға материалдар түскен күннен бастап есептеледі. Бұл мерзім әлі өткен жоқ.

Сот Краевскийді кінәлі деп танып, 12 күнге қамауға алу туралы шешім шығарды.

Ол бұл шешімге қарсы Татарстан жоғарғы сотына шағым түсірді, бірақ 17 сәуірде жоғарғы сот алдыңғы шешімді өзгеріссіз қалдырды.