Алғашқы азиат: келесі Рим Папасы кім болады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Католик әлемінде үлкен өзгерістер болуы мүмкін: келесі Рим Папасы тарихта алғаш рет Азиядан сайлануы ықтимал. Францисктің өлімінен кейін Ватиканда конклав жиналып, католик шіркеуінің жаңа басшысын таңдамақ. Қазіргі таңда басты үміткерлер қатарында сегіз кардинал бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

НЕГІЗГІ ҮМІТКЕР — ФИЛИППИНДІК ЛУИС ТАГЛЕ

67 жастағы Луис Антонио Тагле — Филиппин тумасы, әзірге басты фаворит саналады. Ол таңдалған жағдайда, тарихта алғаш рет Рим Папасы Азиядан сайланады. Халық арасында оны "Азиялық Франциск" деп атайды — себебі ол да әзілқой, либералды көзқарастағы, қарапайым өмір салтын ұстанатын рухани тұлға. Францисктің өзі де Таглені мұрагері ретінде көргісі келетінін айтқан.

АФРИКАЛЫҚ ПИТЕР ТЁРКСОН

Тағы бір ықтимал кандидат — 76 жастағы Питер Тёрксон. Ол таңдалған жағдайда, тарихтағы алғашқы қара нәсілді Папа атанады. Алайда, 2023 жылы Тёрксон понтифик болуға ниеті жоқ екенін мәлімдеген.

ҚОСЫМША ҮМІТКЕРЛЕР: ЕУРОПАДАН ЖӘНЕ АФРИКАДАН

Консервативті фракцияның өкілі Петер Эрдо, Ватиканның қазіргі Мемлекеттік хатшысы Пьетро Паролин, ислам радикализмі мен гендерлік идеологияны сынға алған африкалық кардинал Роберт Сара да үміткерлер тізімінде. Сонымен қатар Мальта, Италия және Португалиядан шыққан кардиналдар да бар.

Бұған дейінгі понтифик Франциск — Латын Америкасынан шыққан тұңғыш Папа болған. Енді Азия кезегі келген секілді.

БҰҒАН ДЕЙІН

Рим папасы Франциск 89 жасында қайтыс болғанын хабарлаған едік. 

ФРАНЦИСК ТУРАЛЫ

Франциск — Католик шіркеуінің 266-шы понтифигі. Ол 2013 жылы сайланған болатын. Франциск — бұл лауазымға келген Латын Америкасынан шыққан алғашқы Папа, әрі иезуиттік орден өкілі ретінде алғаш рет тағайындалған понтифик.

Жақында ол өкпе дертіне байланысты, оның ішінде, бронхит пен пневмониямен ауырып, Римдегі Джемелли клиникасына жатқызылған еді. Бұл оның понтифик кезеңіндегі төртінші әрі ең ұзақ ауруханаға жатуы болған.

Айта кетейік, Рим папасы 2022 жылы қыркүйекте Қазақстанға келген болатын.