«Путин Қазақстанның алдында ақталып жатыр»: Украинада Кремльдің әрекетіне талдау жасалды

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Владимир Путиннің соңғы уақытта ресми Астанамен байланыс орнатуға тырысуы – жайдан-жай емес. Кремльдің белсенділігінің себептері туралы өз пікірін украиналық саясаттанушы Виталий Портников білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алдымен, 17 сәуір күні Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасында телефон арқылы әңгіме өткенін ресми дерек көздері хабарлады. Әңгіме барысында тараптар энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мен Ресей мен АҚШ арасындағы келіссөздерге қатысты мәселелерді талқылаған. Араға екі күн салып, 19 сәуірде Ресейдің энергетика министрі Тоқаевқа Ресей президентінің "жеке хатын" табыстады.

Украиналық саясаттанушы Виталий Портников бұл дипломатиялық белсенділікті Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың жуырдағы сұхбатымен байланыстырады. Аталған сұхбатта Лавров Қазақстан президентінің көзқарасымен келіспейтінін ашық білдірген еді. Бұл жағдайды бұған дейін Ulysmedia.kz тілшілері кеңінен талдап шыққан болатын.

Путиннің Тоқаевқа мұнша ыждағатпен көңіл бөлуінің себебі неде? Ол неге біресе қоңырау шалып, енді бірде хат жолдап, өз «достық ниетін» айрықша көрсетуге тырысады? Бұл сұрақтардың жауабы, сірә, Лавровтың соңғы сұхбатында жатқан шығар.

Астанада мұндай мәлімдемені емеурін ретінде қабылдауы әбден мүмкін. Ал Мәскеу де Лавровтың сөздері тудырған қоғамдық резонансты елеусіз қалдыра алмайды. Егер бұл пікірлер бастапқыда Кремльмен келісіліп, алдын ала ойластырылған болса да, Қазақстан қоғамының мұндайға берген тікелей әрі қатаң реакциясы Ресейге қолайсыз.

Путин Астананың Қытаймен және Еуроодақ елдерімен орнатқан байланысын ескеруге мәжбүр. Егер Қазақстан тарапы Лавровтың сөзін салмақты түрде қабылдаса, бұл Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалына тікелей әсер етуі мүмкін, – деп пайымдайды Портников.

Айта кетейік, Лавровтың осыған ұқсас мәлімдемесіне Әзербайжан да назар аударды. Minval Politika шолушысы Ресей сыртқы істер министрінің «өзін-өзі анықтау құқығы» жөніндегі сөзінен Солтүстік Қазақстанға жасырын меңзеу барын байқағанын жазды.