Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Алматыдағы билік бірнеше жоба салуы тиіс болған орындарды аралады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қарағайлы тоғай» сквері
Белсенді Instagram парақшасында видео жариялады. Алдымен ол «Қарағайлы тоғай» саябағын көрсетті. 2021 жылы сол кездегі Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев президентке болашақ қарағайлы тоғайды көрсеткен болатын. Саябақты жобалауға 57,6 млн теңге бөлінген.
- Жобалаудың өзіне 50 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ ештеңе жасалмаған. Суару жүйесінің бірі де жұмыс істемейді. Суару болмағандықтан қылқан жапырақты ағаштардың жағдайын қараңыздаршы бәрі қурап кеткен. Бұл ағаштарға бірде-бір рет су құйылмаған. Өлетіні алдын ала белгілі бола тұра, бюджеттің ақшасын неге бөледі? Өйткені оларды ешкім суармайды. Президент отырғызған ағаштар да қурап кеткен, – деді Боқаев.
Оның айтуынша, тоғайды жобалау жаңа ақша шығару схемасына айналған: жобалауға қаржы бөлінеді, бірақ кейін бұл жобалар жүзеге аспайды.
Ботаникалық бақтағы көпір
Санжар Боқаев сондай-ақ көпір салынуы тиіс болған жерге де барды. Жобалауға 333 млн теңге бөлінген, алайда ол да іске аспаған.
- Ақыры бұл жоба жарамсыз болып қалды, өйткені үш жыл өтіп кетті, – деді Бокаев.
Тұңғыш президент саябағындағы фонтан
Белсенді фонтанды да көрді. Оған 500 млн теңге қарастырылғанымен, ештеңе істелмеген.
- Тек ағымдағы жөндеу ғана жасалған, ал күрделі жөндеу жүргізілмеген. Сол кезден бері фонтан жұмыс істемейді. Бұған ешкім жауап берген жоқ. Меніңше, шенеуніктерді жазалау қажет. Жобалауға ақша бөлінді, бірақ іс соңына жеткізілмеді, – деді Боқаев.