Дина Таңсәрі Черногориядан босқын мәртебесін сұрады

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

"Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Черногориядан босқын мәртебесін сұраған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Қазақстанның бас прокуратурасы мәлімдеді. 

- 15 сәуір күні Черногория соты Смаилованы қамаудан босатты. Бұл шешім оның Черногориядан босқын мәртебесін беру туралы өтінішінің әлі қаралмауына байланысты қабылданған. Айта кетейік, Қазақстан мен Черногория арасында экстрадиция туралы халықаралық келісім жоқ. Сол себепті Смаилованы Қазақстанға беру мәселесін Черногорияның уәкілетті органдары өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес шешетін болады, делінген хабарламада. 

ДИНА ТАҢСӘРІНІҢ ҰСТАЛУЫ

14 сәуір күні Черногорияда қазақстандық құқық қорғаушы, «NeMolchi.kz» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі ұсталып, Подгорица қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Белсенді өз сөзінде бұл жағдайдың экстрадиция мәселесіне байланысты болатынын мәлімдеді. Алайда нақты не үшін ұсталғаны туралы оған ешқандай ақпарат берілмегенін айтты.

Сонымен қатар, күйеуі Алмат Мұхамеджанов Дина Таңсәрі қалай ұсталғанын айтып берген болатын. 

Ал 15 сәуірде Дина Таңсәрі бостандыққа шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, Черногория соты оны Қазақстанға экстрадициялаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған.