Сарапшылар Қазақстандағы көкөніс пен жеміс-жидек бағасы ТМД елдеріндегі жағдаймен салыстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Energyprom.kz мәліметінше, 2025 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша, Қазақстанда көкөніс пен жеміс-жидек бір ай ішінде 3,1%-ға, ал жылдық есепте 11,9%-ға қымбаттаған. Атап айтқанда, бір ай ішінде жаңа піскен жеміс-жидек бағасы 4,4%-ға, өңделген жемістер 0,2%-ға, жаңа піскен көкөністер 3,1%-ға, өңделген көкөністер 1,2%-ға өскен. Жылдық есепте жаңа піскен жеміс-жидек 5,4%-ға, өңделген жемістер 3,1%-ға, жаңа піскен көкөністер 13,6%-ға, өңделген көкөністер 8%-ға қымбаттаған.
ӨҢІРЛЕР
Өңірлік тұрғыда көкөніс пен жеміс-жидек бағасының ең үлкен айлық өсімі Алматы облысында тіркелген – 6%. Ең аз қымбаттау Ақтөбе облысында – небәрі 0,2%. Жылдық динамика бойынша ең үлкен баға өсімі Атырау облысында (22,1%), ал ең төмені – Жетісу облысында (7,1%) байқалған.
НАҚТЫ БАҒА
Нақты бағаларға келсек, 2025 жылдың наурызында картоптың орташа бағасы келісі 233 теңге, қырыққабат – келісі 190 теңге, пияз – келісі 131 теңге, қызылша – келісі 315 теңге, сәбіз – келісі 162 теңге болды. Қиярдың бір килосы орта есеппен 1,2 мың теңге, қызанақ – 1,3 мың теңге, алма – 696 теңге, банан мен апельсин – 1,2 мың теңге, лимон – 1,3 мың теңге, курага – 4 мың теңге тұрған.
САЛЫСТЫРУ
Салыстыру үшін: Numbeo деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 19 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда алманың бағасы – 1,2 АҚШ доллары/кг, банан – 1,8 АҚШ доллары, апельсин – 1,9 АҚШ доллары. Картоп – 0,5 АҚШ доллары/кг, пияз – 0,6 АҚШ доллары, қызанақ – 1,9 АҚШ доллары.
Салыстырмалы түрде алғанда, ТМД елдерінің ішінде ең арзан алма Молдова мен Украинада (әр елде – 0,8 АҚШ доллары/кг), ал ең қымбаты – Ресейде (1,7 АҚШ доллары/кг). Банан ең арзан Украинада (1,5 АҚШ доллары), ең қымбаты – Тәжікстанда (2,3 АҚШ доллары). Апельсинді ең арзан Әзербайжанда (1,5 АҚШ доллары), ал ең қымбатын Тәжікстанда (2,4 АҚШ доллары) сатып алуға болады.
КӨКӨНІСТЕР
Көкөністерге келсек, картоп Армения, Тәжікстан, Ресей және Молдовада ең қымбат (0,8 АҚШ доллары/кг), ал Беларусь, Өзбекстан және Қазақстанда ең арзан (0,5 АҚШ доллары/кг). Ең арзан пияз – Украинада (0,3 АҚШ доллары), ал ең қымбаты – Әзербайжан мен Арменияда (0,7 АҚШ доллары). Қызанақ Тәжікстанда ең арзан (0,8 АҚШ доллары), ал Ресейде ең қымбат (3 АҚШ доллары).