«Семей орманында» тағы дау-дамай: ұрлық схемасы әшкереленді

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Қазақстан Ішкі істер министрлігі «Семей орманы» резерватына қатысы бар бұрынғы қызметкерлердің қылмыстық әрекетін анықтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министрлік мәліметінше, Абай облысында өңірдің орман алқабын қалпына келтіру және көгалдандыру үшін дайындалған қарағай көшеттерін ұрлаудың ұйымдасқан схемасы әшкереленген. Қылмыстық топтың құрамына жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік табиғи резерваттың бұрынғы қызметкерлері кірген.

Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде Павлодар облысының аумағында қылмыстық топтың 38 жастағы ұйымдастырушысы мен оның сыбайластары ұсталды. Барлығы қамауға алынды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Тергеу барысында күдіктілерден жалпы құны 500 миллион теңгеден асатын 260 мыңнан астам көшет тәркіленгені нақтыланды.

Еске салайық, 2023 жылғы 8 маусымда Абай облысында 0,3 гектардан басталған өрт 60 мың гектарға дейін жайылып, ел тарихындағы ең ірі орман өрттерінің біріне айналған. Салдарынан «Семей орманы» РММ-нің Новошульбин филиалының 15 қызметкері қаза тапты. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Осы оқиғадан кейін Абай облысында төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылып, оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалған болатын. Қайтыс болған қызметкерлердің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды.