«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшысының ұсталуына қатысты тергеу жұмыстарына көмектесіп, құқық қорғау органдарына қажет құжаттар мен мәліметтерді ұсынып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
14 қарашада, басқарма төрағасы ұсталғаннан бірнеше күн өткен соң, ҚТЖ ресми мәлімдеме жасады. Компания тергеу жұмыстарына жан-жақты көмектесіп, тергеушілер сұратқан құжаттар мен ақпаратты ұсынып жатқанын растады. Алайда қылмыстық істің мән-жайы туралы толық ақпарат өздерінде жоқ екенін жеткізді.
«Осы мәлімдеме дайындалған сәтте «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да көпшілікке жарияланған ақпараттан басқа бұл мәселеге қатысты өзге мәлімет жоқ. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, соталды тергеу деректері жария етілмейді. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ әзірге қосымша пікір бере алмайды», – делінген компания хабарламасында.
ҚТЖ басшылыққа қатысты жағдай ұлттық теміржол операторының күнделікті жұмысына әсер етпегенін атап өтті. Компанияның барлық бөлімшесі мен еншілес ұйымдары қалыпты жұмыс істеп жатыр.
Сондай-ақ, инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы ұйымдары мен іскерлік серіктестер алдындағы міндеттемелер бұрынғыдай орындалып жатқанын хабарлады. Барлық жұмыс қолданыстағы келісімшарттарға сәйкес жалғасып жатыр.
Еске салайық, 11 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны белгілі болды. Кейін бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады.
Ведомство мәліметінше, аталған екі басшы мен тағы бірнеше адам сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Тергеудің өзге мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қоры да құқық қорғау органдарына қажетті көмек көрсетіп жатқанын және жұмысын қалыпты тәртіпте жалғастырып отырғанын мәлімдеген еді.
13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында басшылардың ұсталуына қатысты мәселені талқылады. Мемлекет басшысы мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесінің күрделі екенін айтып, ҚТЖ жұмысын сынға алды.