Каспий теңізінің экологиялық жағдайына арналған мәжілістегі талқылау кезінде депутат Дүйсенбай Тұрғанов NCOC компаниясының тәжірибесінен кейін балықтардың жаппай қырылғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Депутат бұл мәселеге байланысты экология министрлігінің өкіліне бірқатар өткір сұрақ қойды.
– 22 ақпанда бұл факт тіркелді, компанияға қарсы сотқа да арыз берілді. Бірақ бағалауды неге сол NCOC-тың өзі жүргізіп жатыр? Экология министрлігі неге бұл процеске қатыспайды? Не себепті бәрін олардың өзіне беріп қойдыңыздар? Көз жұма қарайсыздар ма? Мұны бәрі біледі, сіздер ғана білмейсіздер, – деп ашуланды депутат.
БАЛЫҚТАР ЖАППАЙ ҚЫРЫЛДЫ
Тұрғановтың айтуынша, 2024 жылдың ақпанында NCOC-тың "Caspian Falcon" деп аталатын әуе жастықшасындағы кемесі теңіз жағалауындағы арнамен өткен.
– Осы қозғалыс балықтардың жаппай қырылуына алып келді. Жалпы, бұл кемеге кім рұқсат берді? Олар үшін қандай нормативтер бекітілді? Мысалы, дыбыс деңгейі 100 децибелге жетеді, ал рұқсат етілген шегі – 50 децибел. Бұған неге көз жұма қарайсыздар? Қандай шаралар қабылдап жатырсыздар? Бұл кемені пайдалануға рұқсат бар ма өзі? – деді депутат.
“ТЕХНИКАЛЫҚ ТАЛАП САҚТАЛҒАН”
Бұл мәселеге байланысты жауап берген теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тлепов аталған кеменің техникалық параметрлері бойынша тексеруден өткенін айтты.
– Қауіпсіздік талаптарына сай, бізде бұл кемеге қатысты ешқандай шағым болмаған. Оның үстіне бұл – эксперименттік кеме, – деді ол.
ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ӘСЕРІ
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің "Министрлік бұл кеменің қоршаған ортаға әсерін қарастырды ма?" деген сұрағына министрлік өкілі жоқ деп жауап берді.
САРАПШЫНЫҢ ОЙЫ
Эколог Арман Хайрулин бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдіріп, қазіргі заңнамада компаниялардың экологиялық жауапкершілігі нақты реттелмегенін айтты.
– Біз қазір бұл компанияға сақтандыру белдігінсіз жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырмыз. Егер бір нәрсе болса, кім жауап береді? Біз бірнеше рет арнайы құралдармен децибел деңгейінің шамадан асып кеткенін тіркедік. Бұл – балыққа зиян келтіреді. Бізде браконьер бір балық ұстаса, айыппұл салынады. Ал технологиялық араласудан зиян келсе, бұл заңмен реттелмейді, – деді сарапшы.