WhatsApp мессенджері пайдаланушыларға жаңа мүмкіндік ұсынды – енді бейнеқоңырау кезінде арнайы фильтрлер мен эффектілерді қолдануға болады. Бұл функция iOS және Android құрылғыларына арналған жаңа жаңартуда пайда болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Пайдаланушылар бейнеқоңырау кезінде фонын өзгерте алады, бетке жеңіл ретуш жасап, жарық аз жерде бейнені жарықтандыратын режимді қоса алады. Бар болғаны қоңырауға қосылып, «Эффектілер» батырмасын басып, қалаған фильтрді немесе фонды таңдасаңыз жеткілікті.
ЖАРЫҚ АЗ БОЛСА – ЖАҢА РЕЖИМ КӨМЕКТЕСЕДІ
Егер көлеңкеде отырсаңыз немесе жарық жеткіліксіз болса, WhatsApp автоматты түрде сурет жарықтығын арттыратын арнайы режим қосты. Бұл мүмкіндік «Эффектілер» бөлімінде орналасқан және оны қосқаннан кейін келесі қоңырауларда автоматты түрде белсенді болып қалады.
БЕТТІҢ ҰСАҚ КЕМШІЛІКТЕРІН ЖАСЫРЫҢЫЗ
«Ретуш» функциясы арқылы беттегі ұсақ кемшіліктерді жұмсартып, сергек көрінуге болады. Бұл мүмкіндік әсіресе күннің басында, әлі ұйқыдан енді тұрған сәтте пайдалы болуы мүмкін. Оны «Эффектілер» → «Түзету» мәзірі арқылы қосуға болады.
ТАБИҒИ КӨРІНІСТІ ҚАЛАЙСЫЗ БА?
Егер сіз шынайы бейнені қаласаңыз, WhatsApp параметрлерінен камера эффектілерін өшіруге болады. Ол үшін «Тіркелу» → «Құпиялық» бөліміне кіріп, «Камера эффектілерін қосу» бөлімін өшіріңіз.