Каспий мәселесі: эколог энергетика министрлігін сотқа берді

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Каспий теңізіндегі экологиялық проблемалар мәжілісте өткен ашық парламенттік тыңдауларда басты тақырыпқа айналды. Тыңдауда Save the Caspian Sea қозғалысының негізін қалаушы, эколог Вадим Ни ерекше мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

СОТҚА БЕРДІ

Ол Қазақстанның энергетика министрлігін ірі мұнай келісімшарттарының шарттарын жариялауды талап етіп сотқа бергенін мәлімдеді. Эколог бұл келісімдердің теңіз ортасына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.

ОРХУС КОНВЕНЦИЯСЫ

Сөз болып отырған келісімдер — Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз секілді ірі кен орындарын игеру жобаларына қатысты. Олар 1990-жылдары жасалып, әлі күнге дейін жарияланбаған. Алайда Қазақстан Орхус конвенциясына қол қойған мемлекет ретінде экологияға қатысты ақпараттың ашықтығына кепілдік беруі тиіс.

- Бұл келісімшарттар 90-жылдары жасалғанымен, қоғам үшін қолжетімсіз. Ақпанда аталған жобалардың бірінің операторы парламентте бұл шарттар “әділетті” деді. Бірақ оны шын мәнінде өте шектеулі адамдар тобы ғана көрген, олар ақпаратты жария етпеу жөнінде міндеттеме алған, деді Вадим Ни.

МИНИСТРЛІК ЖАУАП БЕРУДЕН БАС ТАРТҚАН

Экологтың айтуынша, министрлік ақпарат беруден бас тартып, бұл шешімді шетелдік серіктестер алдындағы келісімшарттық міндеттемелермен түсіндірген. Оператор өкілі мәлімдеме жасаған келесі күні Ни сотқа арыз түсіргенімен, әзірге бірінші және апелляциялық инстанциялар істі қарауға қабылдамаған.

Эколог егер Қазақстанда ашықтыққа қол жеткізе алмаса, халықаралық құқықтық тетіктерді пайдалануға дайын екенін айтты.

ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ ҒАНА КЕЛІСІМ БЕ

Вадим Ни Каспий теңізінің қоршаған ортасын қорғауға арналған Тегеран конвенциясының жүзеге асуына ерекше назар аударды. Бұл құжатқа аймақ елдері 2003 жылы қол қойған. Алайда арада жиырма жыл өтсе де, тұрақты хатшылық құрылмаған.

Оның айтуынша, бұл кез келген халықаралық конвенцияда қабылданған институционалдық тәжірибе болғанымен, Каспий жағдайында келісімді жүзеге асыру формалды сипатта қалып отыр.

- Конвенция мен оның хаттамаларын аз ғана мамандар біледі. Бұл құжаттарды толыққанды қолдануды мүмкін емес етеді. Құжатты жүзеге асыруға арналған платформа аймақтық экологиялық дипломатияның нақты құралына айнала алмады, деді Ни.

ЕСКІРГЕН ДЕРЕКТЕР

Эколог Тегеран конвенциясының уақытша хатшылығы жариялаған есептерде Каспий теңізі деңгейінің «тұрақтануы» туралы 2016 жылға дейінгі ескірген деректер қолданылатынын еске салды. Алайда соңғы жылдары теңіздің таяздануы үдей түскен.

- Бұл үдеріс тек күрделеніп барады, деп түйіндеді Вадим Ни.

ТӨМЕНДЕУ

Айта кетейік, 2005 жылдан 2023 жылға дейінгі мониторинг деректері бойынша, Каспий теңізі деңгейі 185 см-ге төмендеген, ал су бетінің ауданы 31 мың шаршы шақырымнан астамға қысқарған.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін "Save the Caspian Sea" жаһандық экологиялық қозғалысы Nature журналында жарияланған Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі және оның қоршаған орта, инфрақұрылым мен аймақ экономикасына әсері туралы ғылыми зерттеуге байланысты алаңдаушылық білдірді. Ғалымдардың болжамы бойынша, Каспийдің 37%-ы толық жойылып кетуі мүмкін.