Кәсіпкер Қайрат Боранбаев Ресейде 104 мейрамханаға иелік етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қайрат Боранбаев қазір ресейлік «Вкусно – и точка» желісіндегі 900 нысанның ішіндегі 104 мейрамхананың иесі. Бұл желі 2022 жылға дейін McDonald’s брендімен жұмыс істеген. Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында кәсіпкер 2025 жылы тағы 16 жаңа мейрамхана ашуды жоспарлап отырғанын айтты.
- McDonald’s брендімен жұмыс істеген кезеңдегі барлық инфрақұрылымды, қызметкерлерді және басқару стандарттарын толық сақтап қалдық. Енді қайтадан қарқынды дамуға дайынбыз, – деді ол.
Боранбаев – McDonald’s франчайзиден Ресей мен Қазақстандағы фастфуд нарығындағы ірі ойыншыға дейін өскен кәсіпкерлердің бірі. 2022 жылы америкалық бренд аймақтан кеткеннен кейін бизнес дәл оның командасының көмегімен «Вкусно – и точка» атауымен қайта іске қосылған еді.
- Соңғы жылдары даму жоспарын тоқтатуға тура келді, бірақ қазір қайтадан кеңейту кезеңін бастаймыз. 2025 жылы Ресейде 16 жаңа мейрамхана ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Боранбаев.
БОРАНБАЕВ ІСІ
Айта кетейік, 2023 жылдың 15 қыркүйегінде Астана қалалық сотының апелляциялық сот алқасы кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты «ҚазТрансГаз» АҚ жымқыру және ақшаны жылыстату ісі бойынша үкім шығарды: ол алты жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін Қайрат Боранбаев 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтеп берді.
2023 жылдың 16 қазаны мен 18 қазаны аралығында Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың мүлкінің мемлекетке өткені туралы хабарлады.
Көп өтпей Боранбаевтың өзі бостандыққа шықты.