Кене шақса өліп кетуіңіз мүмкін: мына кеңестер керек болады

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігі кене белсенділігінің маусымдық өсуіне байланысты тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады. Кенелер қауіпті аурулардың, соның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының тасымалдаушылары, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КОНГО-ҚЫРЫМ ГЕМОРАГГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛУ КЕРЕК?

ККГҚ – бұл негізінен кене шағуы арқылы берілетін қауіпті вирустық ауру. Өкінішке орай, бұл ауруға қарсы вакцина жоқ, ал уақтылы ем қабылданбаса, өлімге әкелуі мүмкін. Кене шағып алған кезде дереу дәрігерге жүгіну қажет, ал кенелерді өз бетіңізше алып тастау ұсынылмайды.

ҚАУІПТЕН САҚТАНУДЫҢ ЖОЛДАРЫ:

  1. Аэрозоль репелленттерін қолданыңыз және жабық киім киіңіз.

  2. Күн сайын тері мен киімді тексеріңіз.

  3. Қорғаныссыз жануарлардың қанымен байланысқа түспеңіз.

  4. Жануарлар мен малдың үй-жайларын кенеге қарсы өңдеуден өткізіңіз.

ҚАУІПТІ АЙМАҚТАР ЖӘНЕ СТАТИСТИКА

Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында ККГҚ табиғи ошақтары бар. Бұл аймақтарда иксод кенелері тіршілік етеді, олар жабайы және үй жануарларын паразиттеп, аурудың тасымалдаушылары болып табылады. Мамыр-маусым айларында кене шағу жағдайлары көбейіп, жыл сайын 7-15 мың адам зардап шегеді.

2025 жылы эндемиялық аймақтарда 434 адам кенелердің шағуынан зардап шеккен. Санитарлық қызметтер 149 елді мекенде қорғаныс аймақтарын құрып, 354 830 бас малды кенеге қарсы өңдеуден өткізді, ал 155 елді мекенде малдың үй-жайларын дезинсекциялады.